Атырау облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXI маусымына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы жоба жетекшісі Заманбек Құрақбай айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Жасыл ел – 2025» еңбек маусымы аясында Атырау облысы бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы 1000-ға жуық жас азамат жұмысқа тартылады. Қазір аудандардағы тапсырыс берушілермен келісімшарттар жасалып, жоспарға сай жұмыстар басталды.
- Бағдарлама аясында әлеуметтік осал топтағы жастарға басымдық берілмек. Қазір “Жасыл ел” сарбаздарына арнайы жиындық киім тігіліп жатыр. Қатысушыларға футболка мен бейсболка беріледі. Жобаға қатысушы жастар облыс орталығы мен аудандарда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен айналысып, экологиялық акциялар мен түрлі тақырыптық іс-шараларға қатысады, - деді З.Құрақбай.
Жасақ мүшелерінің жалақысы - 85 000 теңге. Жас ерекшелігіне байланысты жұмыс уақыты да бейімделген. 14-16 жас аралығындағылар төрт сағат жұмыс істесе, 16-18 жас аралығындағылар 6 сағат еңбек етеді. Ал 18 жастан асқан қатысушылар сегіз сағат жұмыс істейді. Осы жылғы еңбек маусымына қатысу үшін @jasylel_atyrau парақшасы арқылы онлайн құжат тапсыру қажет.
Айта кетейік, “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының былтырғы, яғни, XX маусымында да 1000 адам жұмыспен қамтылған