Бүгінде аңшылық шаруашылық Құрманғазы, Исатай, Жылыой және Қызылқоғада жұмыс істеуде. Енді Махамбет ауданы мен облыс аумағындағы Жем және Қиғаш өзендері аумағынан ашу жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Айберген Маратұлы мәлім етті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл көктемгі аңшылық маусымы 23 наурыз бен 6 сәуір аралығында осы шаруашылықты жүргізіп отырған субьектілерге бекітілген төрт ауданда өтті. Оларға 15 күн бойы үйректердің аталық түрлерін ату рұқсат етілді. Облыста алты мыңнан астам ресми аңшы тіркелген болса, шамамен 540-ы осы кезеңде аңшылық етуге рұқсатнама алған.
- Инспекцияның жұмыс жоспарына сәйкес аңшылық уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде заңсыз аңға шығу және басқа да құқықбұзушылықтар анықталған жоқ. Үйректердің тек аталықтарын ату бұл құстардың көбеюіне еш кедергі келтірмейді. Керісінше, олардың табиғи өсіміне сеп, - деді А. Маратұлы.
2025 жылдың көктемгі аңшылық маусымына 64 мың квота бөлініп, оның 3200-і сатылған.