Атырауда республикалық және халықаралық білім сайыстарының жеңімпаздары марапатталды

Өңірде халықаралық және республикалық деңгейдегі білім бәйгелерінде озып шыққан оқушыларды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов арнайы қатысып, дарынды жастармен кездесті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты жиынға сондай-ақ облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов, балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Айнагүл Сәрсембаева және үздік нәтиже көрсеткен 45 оқушы қатысты. Мақсат – оқушылардың жетістіктерін кеңінен насихаттап, олардың ғылым мен білімге деген ынтасын арттыру, қолдау білдіру.

Облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов өз сөзінде Мемлекет басшысының дарынды жастарға артқан сенімін атап өтті.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын осы талантты ұл-қыздар» деген болатын. Бүгінгі кездесу — сол сенімнің айқын дәлелі,– деді ол.

Шара аясында 16 оқушыға, яғни, халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жүлдегерлеріне 200 000 теңгеден, ал республикалық білім додаларында бас жүлде мен І орын алған 29 оқушыға 100 000 теңгеден қаржылай сертификаттар табысталды.

Марапат иелерінің қатарында «Балқан» олимпиадасының жүлдегері Бердібек Орынбасар, республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алтын медаль иегері Мөлдір Мұса және халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Арон Хасанов бар.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов дарынды жастарға жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың жетістігін облыс мақтанышы ретінде жеткізді.

- Өлкеміздегі талантты балалардың білімге деген қызығушылығын арттырып, ғылымға баулу жолында кешенді шаралар жүзеге асуда. Атырау облысының оқушылары биыл республикалық пәндік олимпиадада 6 алтын, 9 күміс, 12 қола медаль жеңіп алды. Бұл – зор еңбек пен қажырлы дайындықтың жемісі, – деді ол.

Жас дарындар өз жетістіктері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өңір басшысының орынбасарына сұрақтарын қойды. Олардан пәнге деген қызығушылықтары, олимпиадаға дайындық жолдары және болашаққа жоспарлары жайлы сұхбат алынды.

Салтанатты кеш соңында дарынды оқушылардың қатысуымен түсірілген «Атырау дарындары» әніне арналған бейнеклип көрсетіліп, естелік суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.

Анықтама үшін: Атырау облысында 2024-2025 оқу жылында 180-нен астам шәкірт білім сайыстарына қатысып, 100-ден аса оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарда жүлделі орындарды иеленді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT