Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен 2025 жылғы 22–31 желтоқсан аралығында елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауда мемлекет қабылдап жатқан шараларды халыққа түсіндіруге бағытталған Ұлттық ақпараттық науқан жүзеге асырылуда.
Аталған науқан аясында Атырау облысында әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, бизнес бастауға және оны дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Науқанның негізгі мақсаты – әйелдерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері, гранттар мен жеңілдетілген несиелер, оқыту және кеңес беру мүмкіндіктері туралы нақты әрі қолжетімді ақпарат беру.
Іс-шаралар барысында мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, семинарлар, кездесулер, «дөңгелек үстелдер» өткізіледі. Сонымен қатар кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан әйелдерге бизнес-жоспарлау, қаржыландыру көздері және құжат рәсімдеу мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі. Өңірдегі табысты әйел кәсіпкерлердің тәжірибесін насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде.
Ақпараттық науқанға облыстық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қаржы институттары, қоғамдық ұйымдар мен әйел кәсіпкерлер қатысуда.
Ұлттық ақпараттық науқан әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға және Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне серпін беруге бағытталған.


