Атырауда есірткімен күреске еріктілер де жұмылды

Атырауда есірткі қылмысына қарсы еріктілермен бірлескен 300-ге жуық іс-шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте, облыстық полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Асылай Жұмажанованың айтуынша, полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлық мәселесі бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері атыраулық полицейлер есірткіге қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру, есірткіні қолданудың денсаулыққа зияндылығын түсіндіру бойынша 700-ге жуық профилактикалық іс-шараларын өткізген.

Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Роман Ермұхановтың айтуынша, полиция департаменті «Жастар рухы» мен «Жаңа уақыт» қоғамдық қоры, «Атырау 06 өңір» қоғамдық бірлестігі және «Довіра» украин этномәдени бірлестігінің еріктілерімен бірлесіп, жас ұрпақтың санасын улаған психотропты дертпен күресте нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді. 

- Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан кешенді жоспар аясында спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, білім басқармаларының өкілдерімен, еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп, 300-ге жуық іс-шара өткізді, оның 40 рейдтік жұмыстар. Сонымен қатар, 100-ден аса есірткі туралы заңсыз жарнамасы бар граффити жазулары жойылып, QR кодтар тексерілді, - деп атап өтті полиция полковнигі Роман Ермұханов.

Айта кету керек, есірткі тарату әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы орын алуда. Адамдардың есірткінің заңсыз айналымын болдырмау үшін тәртіп сақшылары еріктілермен белсенді жұмыс атқару кезінде  білім ошақтарында оқып жүрген жасөспірімдерге, жазғы лагерьлердегі оқушыларға, мектеп және аула клубтарындағы балаларға, еңбек ұжымдарына яғни, Төтенше жағдайлар департаменті, Мүгедектер спорттық клубы, Мамандырылған мектеп-интернат колледжі және Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне семинар, дәріс, дөңгелек үстел және әртүрлі акцияларды өткізеді. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жас спортшылар мен қала тұрғындарына армрестлинг, кіші аяқ добы, үстел теннисі, баскетбол, волейбол секілді спорт түрлерінен құралған іс-шараларды белсенді жүргізуде.

Еріктілер - полиция үшін ерекше маңызды адамдар. Олар есірткі қылмысының алдын алуға, жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор көмегін көрсетіп, полициямен бірлескен іздестіру және рейдтік шараларға да бейжай қарамай қол ұштарын беруде.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT