«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау қаласында жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған «Чемпиондық рух» атты кең ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Шараны Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп өткізді.
Іс-шара барысында алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтар бокс, таэквондо, дзюдо және каратэ спорт түрлері бойынша өткізілген жарқын көрсетілімдерді тамашалады. Сонымен қатар, Полиция департаментінің арнайы жасағының кәсіби жаттығулары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырса, Кинология қызмет орталығының мамандары есірткі іздеу бағыты бойынша қызметтік ит – Ханның қатысуымен практикалық шеберлік сабағын көрсетті.
Шара соңында балалар мен жасөспірімдерге арналған жалпы дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен жаттығуларда балдырғандар кәсіби жаттықтырушылардың қимылдарын ынтамен қайталап, спорт әлеміне деген қызығушылықтарын айқын байқатты.«Чемпиондық рух» жобасы жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, оларды тәртіпке, жауапкершілікке және салауатты өмір салтына баулуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.