Атырау қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға құрметпен қарау және қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін дамытуға бағытталған ерекше акция өтті. Қайыршақты және Алмалы ауылдық округтерінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жасақтары игі іс-шара ұйымдастырды. Акция шарттарына сәйкес әрбір тұрғын 5 пластикалық бөтелке әкелсе, сыйлық ретінде бір балмұздақ берілді. Пластик қабылдау тек бір сағатқа ғана белгіленгеніне қарамастан, тұрғындар белсенділік танытты. Соның нәтижесінде небәрі 60 минут ішінде шамамен 24 мың бөтелке жиналып, қатысушыларға 5 мыңдай балмұздақ таратылды. Бұл бастамаға қала тұрғындары отбасымен атсалысты. Мысалы, Мұхамедәлі досы Мадиярмен бірге бір күнде бес қап бөтелке жинаған. Оларға ата-аналары көмектесіп, балалар өздері үй мен ауланы аралап шықты. Ал Перизат есімді тұрғын бауырларымен және қарындасымен бірге төрт қап толтырған. Көпбалалы ана Айгерім Күлетова төрт баласының да қуана-қуана пластик жинағанын айтты, ең кішкентайының жасы небәрі үште. «Балмұздақты сатып алуға да болар еді, бірақ мен үшін балалардың тазалықтың қадірін түсініп, еңбекке баулынуы маңызды», — дейді ол. Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, дәл осындай экоакциялар қаланың өзге де округтерінде, соның ішінде Береке ауылында да өтті. Барлық жиналған пластикалық қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл акция — тек қоқыс жинау ғана емес, жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды қадамы.
Атырауда бір сағат ішінде 24 мың пластикалық бөтелке жиналды
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 9
