Атырауда алғаш рет Қазақстан-Грузия бизнес форумы өтті

Екі ел арасындағы сауда және инвестиция салаларындағы серіктестікті нығайтып, трансшекаралық логистиканы, туризм мен мәдени байланыстарды дамытуды мақсат еткен форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин, Қазақстан-Грузин экономикалық қауымдастығының төрағасы Георгий Джахуташвили, сондай-ақ қос елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастығы мен даму институттарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Форум барысында аймақ басшысы Атырау мен Боржоми арасындағы ұйымдасқан жұмыстың 2023 жылы бастау алғанын айтып, бірлескен істің жүйелі жүріп жатқанын жеткізді.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов атап өткендей, бұл дәстүрді жалғастыра отырып, маусымда Атырау облысынан 16 оқушы Грузияға аттанып, осы елдің тарихы мен мәдениетімен танысады. Ал шілде айында атыраулықтар жас грузиндерден құралған жауапты делегацияны қуана қарсы алмақ. Мұндай сапарлар – өзара түсіністік пен достыққа негізделген болашаққа жасалған инвестиция.

- 27 мамыр күні Атырау-Тблиси бағытында жаңа рейс ашылды. Бұл біз үшін жай ғана әуе байланысы емес, екі өңірдің халқын, экономикасы мен мәдениетін жалғайтын алтын көпір. Атырау еліміздегі индустриялық және инвестициялық маңызы зор өңірлердің көшін бастап тұр. Біз түрлі сала бойынша экспорттық-импорттық операцияларға, бірлескен кәсіпорындар ашып жұмыс істеуге әзірміз, - деді облыс әкімі С.Шәпкенов.

Өткен жылы Атырау облысы мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы 1,6 миллион АҚШ долларынан асты. Облыс тауар жеткізілімін ұлғайтуға, логистикалық байланыстарды дамытуға және жаңа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын.

Бүгінде өңірде сауда, логистика, қызмет көрсету және құрылыс салаларында жұмыс істейтін грузин капиталының қатысуымен 17-ден астам кәсіпорын қызмет етеді.

Жиында сөз алған Қазақстан-Грузин экономикалық қауымдастығының төрағасы Георгий Джахуташвили екі ел арасындағы ынтымақтастық арқылы логистика, сауда-саттық және туризм бағытында дамуға үлкен әлеуеттің бар екенін айтты.

Форум аясында Қазақстан мен Грузия компаниялары арасында бірқатар B2B кездесу ұйымдастырылды. Олардың барысында туризм, сауда, көлік-логистикалық орталықтар құру, агроөнімдер жеткізуді кеңейту және бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланды.

Айта кетейік , форум Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің бастамасымен және ұйымдастыруымен өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT