Атырау қаласында «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен Киокушинкай-кан каратеден облыстық турнир өтті. Іс-шарада турнирдің ұйымдастырушысы А. Котов ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталып, үздік спортшыларға естелік сыйлықтар табыс етілді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарысқа облыстың барлық ауданынан келген 6 жастан 15 жасқа дейінгі 300-ден астам жасөспірім қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.
- Спорттық іс-шара Атырау облысы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл турнирдің негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге және нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру. Осындай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады, – деді облыстық Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева.
Атырау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, тоғыз айда есірткіге қатысты 120 құқықбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек тәртіп сақшылары еріктілермен бірлесіп, есірткі жарнамасын насихаттайтын 70-тен астам граффити жазбаны жойды.
Облыста жыл басынан бері жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 700-ден астам іс-шара өткізілген.