Атырау және Құлсары қалаларының тұрғындары Speaking Club жобасы аясында ағылшын тілін тегін үйреніп жүр

Үш жыл ішінде Speaking Club жобасының сабақтарына Атырау мен Жылыой ауданынан 800-ден астам адам қатысты.

 

Атырау мен Құлсарыда ересектер мен жастарға ағылшын тілін шетелдік мамандармен бірге тәжірибе жүзінде үйренуге мүмкіндік беретін Speaking Club жобасы жалғасуда. Бұл жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске асып, оны «Теңіз жүрегі» еріктілер ұйымы жүзеге асырады.

 

Speaking Club жобасы үш жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда ол облыстың шалғай мектептерінде ағылшын тілінде сөйлесу клубтарының желісін құру мақсатында ойластырылған еді. Алайда, жобаның жетекшісі Рысты Жексенбаеваның айтуынша, волонтёрлерді ауылдарға жіберу қиын болғандықтан, қалаларда тілдік хабтар ашу шешімі қабылданған.

 

«Біздің ағылшын тілі бойынша сөйлесу клубымыз 18 жастан асқан барлық қатысушыларға ашық. Мұнда студенттер де, түрлі компаниялардың қызметкерлері де келеді. Біз адамдардың жұмыс немесе оқу күнінен кейін ағылшын тілін еркін тәжірибе жүзінде қолдана алуын, өздерін сенімді сезінуін қаладық», — дейді Рысты Жексенбаева.

 

Speaking Club жаттықтырушылары — ағылшын тілінің тасымалдаушылары. Олардың құрамы үнемі жаңарып отырады. Бұл — өз елінде ағылшын тілінен сабақ берген мұғалімдер, сондай-ақ ТШО компаниясының еріктілері мен мамандары. Олар өз білімдерімен бөлісіп, қатысушыларға тілдік кедергіні жеңуге көмектеседі.

 

Сабақтар аптасына бір рет өтеді және ұзақтығы шамамен бір жарым-екі сағатты құрайды. Қатысушылар сөйлесу тәжірибесін ойындар, әндер және интерактивті тапсырмалар арқылы дамытады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай бейресми формат адамдарға еркін сөйлеуге және оқу процесінен ләззат алуға мүмкіндік береді.

 

31 қазан күні клубта Хэллоуин мерекесіне арналған кеш өтті. Қатысушылар танымал ағылшын әндерін айтып, тақырыптық ойындар ойнады, шағын сайыстарға қатысып, тек ағылшын тілінде сөйлесті. Көңілді әрі достық атмосфера қатысушыларға ашыла түсуге және тілді тірі ортада еркін қолдануға мүмкіндік берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT