Атырау қаласы мен аудандық мансап орталықтарына жүгінген 34 436 тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылды. Олардың ішінде 15 732 адам жұмысқа орналастырылып, соның 8 627-сі тұрақты, ал 7 105-і мемлекет тарапынан субсидияланатын орындарға бағытталды.
Азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және 50 жастан асқан жандарға арналған «Күміс жас» жобалары аясында еңбекке тартылуда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі мың адам online skills арқылы оқып, олардың 1 689-ы ауыл шаруашылығы, IT, сервис, туризм, әлеуметтік қызмет, көлік және логистика, қаржы және бухгалтерлік есеп, маркетинг, өндіріс және білім беру салалары бойынша сертификат алды. 71 адам қысқа мерзімді тегін курстарда, ал 95 адам «Теңізшевройл» ЖШС ұйымдастырған өндірістік оқуларда білім алды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, 2142 адам «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберіліп, оның 1 256-сы оқуын аяқтап, сертификатқа ие болды.
Ал халықтың осал топтарындағы 291 азаматқа 400 АЕК (1,57 млн теңге) көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. - Олардың қатарында 212 көпбалалы ана, 33 мүгедектігі бар адам, 32 мүгедектігі бар баланы асыраушы және 14 аз қамтылған отбасы мен асыраушысынан айырылған азаматтар бар.
Берілген гранттардың басым бөлігі технологиялық жабдықтар, инвентарьлар, сондай-ақ мал шаруашылығы, еңбек құралдары және ғимаратты жалға алу бағыттарына жұмсалды. Сонымен қатар 14 мың адамға кәсіптік бағдар беру қызметі көрсетілді, - деді Е.Әбілқасымов.
Жыл басынан бері 1 қарашаға дейін 965 отбасындағы 5 791 адамға жалпы көлемі 597,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 741 отбасы шартты, 271 отбасы шартсыз ақшалай қолдау алды. АӘК алушылардың басым бөлігін 18 жасқа дейінгі балалар (68,6%) және бала күтіміндегі аналар (10,8%) құрайды.

