Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Бұл сөздің өзектілігі, өкінішке орай, жыл сайын артып келеді. Атырау облысында жыл басынан бері неке бұзу туралы 294 акт жазбасы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 жазбаға көп.
Бұл туралы Атырау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Құралай Хайрошева Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте баяндады.
Баспасөз конференциясында баяндалғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалы арқылы АХАТ бағыты бойынша 8 түрлі мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Азаматтар арасында сұранысқа ие қызмет түрлеріне тууды, неке қию мен бұзуды, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу жатады.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы АХАТ бөлімі арқылы 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 15033 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 2803 неке қию, 1968 қайтыс болу, 8643 туу, 13 бала асырап алу қызметі тіркелген.