Облыс әкімі Серік Шәпкенов «Atyrau business weekend» халықаралық бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. Шарада бизнес пен адами капиталды дамытудағы инновациялық тәсілдер талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Халықаралық форумға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және еліміздің әр қаласынан 100-ге жуық бизнес өкілі қатысты. Жиында сөз сөйлеген Серік Шәпкенов бүгінгі форумның жергілікті және халықаралық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ Атырау облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етерін атап өтті. - Атырау — ел экономикасының локомотиві, бүгінде біз экономиканы әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Атырау - тек өндірістің ошағы емес. Аймақтың логистикалық әлеуеті де зор, инвестиция салуға өте қолайлы, кадрлық әлеуеті ешкімнен кем түспейді. Облыс бойынша 62 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. 2024 жылы кәсіпкерліктер өндірген өнімнің көлемі 5 389,0 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдағыдан 2,9%-ға артық. Бұл аймақтағы кәсіпкерлікті қолдау шараларының нәтижесі. Бүгінгі халықаралық бизнес-форум да өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына өз үлесін қосып, жаңа жобаларға, жаңа серіктестіктерге, стратегиялық ынтымақтастықтарға жол ашады деп сенім білдіремін,-деді С.Шәпкенов. Форумда қатысушылар білікті сарапшылардың баяндамасын тыңдап, инвестиция саласындағы мүмкіндіктерді талқылап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Спикер ретінде Freedom Finance Global жария компаниясының сыртқы байланыстар және ақпарат жөніндегі атқарушы директоры Михаил Новоселов, экономика ғылымдарының кандидаты, «Синергия» бизнес мектебінің құрметті профессоры, Ресей маркетингі саласының мойындалған гуруі және бірнеше маркетингтік кітаптың авторы Игор Манн, Маркетинг бағыты бойынша PhD докторанты, БҰҰ-ның спикері, Қазақстандағы Котлердің баспа-редакциялық алқасының мүшесі, 2026 жылға арналған Қазақстан корейлерінің қауымдастығы жанындағы Бизнес клубының президенті Элла Пак шақырылды.
«Atyrau business weekend» халықаралық бизнес форумы өтті
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 68
