Балық — қойнауы құтқа толы қазыналы өлкеміздің басты табиғат байлықтарының бірі. Сондықтан да “су маржандарының” санын көбейтіп, қорын молайту, оны аулап, өңдеп, өнімін өндірумен қатар, көздің қарашығындай қорғаудың да маңызы зор.
Өңірде балық шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі де бірегейі — Атырау бекіре балығын өсіру зауыты. Екі зауыттың біріктірілуі негізінде құрылған бұл өндіріс орнының игілікке беріліп, іске қосылғанына бүгінде ширек ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде аталған кәсіпорын техникалық тұрғыдан тозығы жетіп, өндірістік қуаттылығы төмендеді. Жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде зауытты уақыт талабына сай қайта жарақтандырып, түбегейлі реконструкциядан өткізу қажеттілігі туындады.
Облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриотты партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев осы кәсіпорында болып, оның тыныс-тіршілігімен, реконструкциялау шараларына дайындықтың барысымен, шұғыл шешімін күткен проблемалармен, өткір тұрған өзекті мәселелермен танысты.
Оларды шешу жолдары жайында ойларымен ортақтасып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Соңынан кәсіпорын еңбек ұжымы өкілдерімен жүздесіп, келелі әңгіме-дүкен құрды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ