Атакәсіптің ақтаңгері

Малшы табанының ізі — табиғаттың жазған жыры, оның әрбір қадамы дала тынысының, желдің үнінің бір бөлігі іспетті. Мал шаруашылығы - тек малды өсіру емес, ол жанға жылу, отбасына күнкөріс, ауылға өмір сыйлайтын қасиетті атакәсіп. Қазақ үшін түйе мен жылқы, қой мен сиыр — тек мүлік емес, ол атадан қалған киелі мұра, елдікті, бірлікті ұйыстыратын символдар. Малдың әр тұяғы — даланың жүрегі, оның әр басы — еркіндіктің белгісі. Малшының адал еңбегі мен үміті арқылы ғана дала төсіндегі ырыс-күрең егіз өседі, өмір көктемі бүр жарғандай жаңарады. Бұл еңбек далаға ғана тән рухтың, тағдырдың мәңгілік ұлы хикаясы.

«Әке көрген оқ жонар...»

Сол дала дүбірінің иесі – бүгінгі кейіпкеріміз, қасиетті еңбектің қазанында қайнаған, қиын кезеңдерде жұртына демеу болып, берекелі істің басында жүрген шаруагер азамат Асқар Төремұратұлы. Оның өнегемен өрілген өмірі маңдай тер мен ізгіліктің, қиын сәтте қол ұшын созған қайырымдылық пен қоғамдық белсенділіктің көрінісі.

Туған жердің топырағы табанына тиген алғашқы күннен-ақ құнарға, еңбекке, маңдай терге адалдықты серік еткен жан 1956 жылы 10 маусымда Шоқпартоғай ауылындағы Төремұрат Қалмырзаұлы мен Нұрыш Әбішқызының шаңырағында дүние есігін ашады. Малдың әр тұяғын ел ырысы деп қастерлеген, дала төсіндегі маңдай терін ел игілігіне арнаған оның балалық шағы – ауылдың мөлдір бұлағындай таза, қоңыр тірліктің қақ ортасында өтті. Таңғы қоңыр салқынмен қой өргізген, егіннің сыбырын тыңдаған, трактордың дүрсілі мен аттың дүбірін бала кезден серік еткен ұл атадан қалған кәсіпті одан әрмен жандандырып, бүгінгі күні Тұрғызба ауылының ардақты ақсақалының біріне айналып отыр.

Әкесі Төремұрат та мал шаруашылығының марғасқа маманының бірі болған. Кеңес Одағының кезінде түйе фермасының басшысы болып қызмет етіп, 50 бастан 500-600-ге тарта ойсылқара басын құрайды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық көрмеге де жол тартып, бірінші орынды қанжығаға байлап, сталиндік медальдың иесі атанады. Анасы Нұрыш та сауыншы есебінде қарымды қызмет етті.

Әкесі туралы сыр шерткен Асқар Төремұратұлы:

- Әкеміз қаталдау кісі болды. Сол кездегі тәрбиенің әсері де шығар, оның әр сөзін заң ретінде қабылдайтын едік. Асқар тауымыздың бірауыз сөзін жерге тастай алмай, бала жастан бойымызға сіңірген мал шаруашылығына ертеден дендедік. Қызығы мен қиындығы мол бұл саланың өзіндік ерекшелігі де көп. Әкем «Малға жақсы күтім қылып, зәбір көрсетпей бағатын болсаң, қарымы ретінде мал да сені бағады. Сатсаң қаржы, жесең етің, мінсең көлігің, ішсең сусын болады» дейтін еді. Қазіргі кезде сол мал шаруашылығының арқасында арқамызды кеңге жайып жүрген жайымыз бар. Қолдан келгенше ауыл халқына көмек қолын созуға тырысамыз. Негізінен, осы атакәсіпті артымнан ізімді қуған балаларымның да қолға алғанын қалаймын. Қаладағы күйбең тірліктен гөрі, ауылдағы ағайынның маңындағы мамыражай кез жаныма жылулық сыйлайды. Сондықтан болар, әкемнің маған жеткізген өсиетін ұлдарыма да айтып отырамын,-дейді өз сөзінде.

Мектеп партасынан түлеп ұшқан соң, ол техниканың тілін меңгеріп, жүргізуші, тракторист, механик мамандықтарын меңгерді. 1973 жылы-ақ «Қазақстан» кеңшарында еңбекке араласып, темір тұлпарды тізгіндеп, шаруашылықтың ауыр жүгін арқалады. 1974-1976 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болып, өмір мектебінің тағы бір белесін бағындырды.

Елге оралған соң, жастық жігерін біліммен ұштастыруға бекініп, құрылыс шебері, құрылыс технигі мамандықтарында білім алды. «Ембі» кеңшарында аға шебер болып, талай құрылыс нысанының бой көтеруіне үлес қосты. Кеңшар мен ферма орталықтарына ақшаңқан үй салып, малшыларға қыстақ үйлерін тұрғызу, заман талабына сай түрлі әлеуметтік нысандар салу Есекеңдей құрылыс шеберінің еншісіне бұйырды. Бірақ жүрегі атакәсіпті аңсаған азамат өндірістен қол үзбей жүріп, 1979-1985 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқып, зооинженер мамандығын алып шықты. Сөйтіп, маман ретінде мал шаруашылығының қыр-сырын терең меңгеруге кірісті. Осы білім мен тәжірибенің арқасында ол 1985-1995 жылдары алғашында прораб, содан соң мал фермасының меңгерушісі ретінде талай жыл шаруашылықтың өрісін кеңейтіп, табыстың тінін бекітті.

Түлкі заманнан айласын асырған...

Қоғамымызға дендеп енген нар көтермес нарықтық қатынастардың ауыртпалығы ауыл халқына да оңай соққан жоқ. Бірақ Асекеңдер 90-жылдардың қиын кезеңімен бірге тоқырап қалмады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұстаған азамат кеңшарлар ыдырай бастағанда уақыт талабына сай табыс көзін алмастырып үлгерді. Сөйтіп өз күшімен «Қалмырза» шаруа қожалығын құрып, 1995 жылдан бастап әлі ешкім бет бұрып көрмеген кәсіпкерлік қызметке батыл кірісті. Осылайша атакәсіпті жаңа қырынан дамытуға бел буған белді бизнесмен болып шыға келді.

Бірақ Асқар Төремұрат тек шаруашылық қазанында қайнаған адам ғана емес, ел басына күн туған ауыр кезеңде қалқан бола білетін шынайы жанашыры да. Айталық, 1993 жылғы көктемгі тасқын кезінде Тұрғызба ауылы Жем суының қоршауында қалғанда ол 7 тонна ұн, 1 тонна макарон және басқа да азық-түлік тағамдарын жеткізіп, талай шаңырақтың отын сөндірмей, үмітін өшірмеді. Иә, қайғы бұлты үйірілген шақта елге демеу болып, жұрттың көңілін көтеру нағыз ерлік еді. Нөсер жауыннан үйлері зақымданған Шоқпартоғай мен Тұрғызба тұрғындарына да қолда бар 40 қой малын таратып беріп, еңсені тіктеді. Мұқтаж жандарға мал азығын дайындап, газет-журналға жазылуына да қолұшын созды. Ал 2024 жылғы алапат тасқын кезінде ауыл аралда қалғанда Тұрғызбаны табиғи апаттан аман сақтап қалу үшін қызмет етіп, етігімен су кешкен қыз-жігіттерді 1,5 миллион теңгенің азық-түлігімен қамтамасыз етіп, төтенше жағдайдың алдын алуға белсене араласты.

Асқар Төремұратұлы – ұлттық спорттың дамуына да жанын салатын жанкүйердің бірі. Әсіресе қазақтың ат спортын өркендетуге 1,7 миллион теңге көлемінде демеушілік жасаған. Одан бөлек қазақша күрес, көкпар сияқты делебемізді қоздыратын ұлттық спорт түрінің жанашыры десек, артық айтқандық емес. Бұл ретте ауданымызға кәсіби деңгейдегі бәйге алаңы немесе ипподром керек екенін тілге тиек етіп қалды. Себебі, мұндай кешендер бой түзер болса, ат спортына тың серпін беретініне сенімі мол.

Ол ел ішіндегі бейбітшілік пен ынтымақтың да күзетшісі бола білді. Айталық, қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шығып, жастардың арандап қалмауына, қоғамдық тәртіптің бұзылмауына күш салды. Соның арқасында, қаладағы бірде-бір ғимараттың терезесі сынбай, бірде-бір адам жарақат алмай, жиынның бейбіт тарауына атсалысты. Пандемия жылдарында да халыққа арзан өнім жеткізіп, ет, сүт, шұбат, қаймақ сияқты науқастарға аса қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін 15-20 пайыз төмен бағамен сатуды ұйымдастырып, қайманаға көп көмегін тигізді. Бұл сол кезеңде көп отбасының тұрмысына үлкен демеу болды.

Жоғарыдағы халыққа жасап жатқан жақсылығы мен игі ісімен бірге ол өңірдің өзекті мәселелерін биік-биік мінберлерде көтере білген, өзіндік көзқарасы мен ұстанымы бар елі таңдаған елеулі азамат та. Бұл батылдығы ауылда атакәсіптің тізгінін ұстаған арда азаматты саясатқа араласуға итермеледі. Сөйтіп сайлауда бақ сынап, аудандық мәслихаттың III-IV шақырылымының бірнеше мәрте депутаты болып сайланып, туған халқының сеніміне ие болды. Осылайша қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Асқар Төремұратұлы өңірдегі өзекті мәселелерді билік басындағы азаматтарға батыл айта білді. Әсіресе, сол кездерде қала мен ауыл арасындағы ақсап тұрған тас жолдың жайын жеріне жеткізе айтып, Жем өзенін тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынған. Одан бөлек, ауылдардағы көше жарығы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және мәдениет үйінің салынуына ықпал етіп, өзге де өзекті мәселелерді алға тартқан ол:

- Қазір ауылдың жайы жақсарды. Кезінде біз көтерген бірқатар түйткілдер шешіліп, тұрғындарға жағдай жасалды. Тақтайдай тегіс асфальт та, спорт мектебі де бар. Көше жарығының да алыстан жарқырап тұратыны жасырын емес. Ауыл – қазақтың жүрегі. Ауылдағы ағайынның сөзі аяқасты қалмай, мұң-мұқтажы тыңдалар болса, елдің де өрге басары анық. Себебі, әр қазақтың жүрегінің түбінде ауылға деген махаббат, сағыныш жатқаны анық,-деп аяқтады сөзін.

Бүгінде «Қалмырза» қожалығы – талай шаңыраққа ет, сүт, қымыз, шұбат, қаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт секілді табиғи өнімдерін ұсынып, күнделікті жеткізіп отырған шаруашылық. Асқар Төремұратовтың айтуынша, қожалық иелігінде 60-70 бас түйе, 100-ге тарта жылқы, 50 бас ірі қара, 100-120-ға жуық қой-ешкі бар.

Осындай ардагер азаматтың өмір жолындағы ең сенімді серігі, өмірлік тірегі – жұбайы Алмаш Төремұрат. Бұл әулет – нағыз бірліктің, берекенің, сабыр мен сыйластықтың шағын мемлекеті іспетті. Он екі перзент – алты ұл, алты қыз – алтын мен күмістей жарасып, ата-ананың аялы алақанында өсіп-жетілді. Үлкендері бөлек отау тігіп, өз алдына түтін түтетсе де, бәрінің жүрек жібі қара шаңыраққа байлаулы. Әр баласы – әкенің абыройын, ананың мейірімін арқалаған, тектілік пен тәрбиенің тіні үзілмеген ұрпақ. Бұл шаңырақтың дастарханы қашанда жайқалған бақ секілді – бір бұрышында әке ақылы, екінші жағында ана мейірі, ортасында балалардың шат күлкісі. Ал олардың бірлігі елге үлгі, тірлігі жерге тұғыр, тектілігі болашаққа аманат іспеттес. Ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған Асқар I дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл еңбегі үшін» медалімен, «Бейбарыс» орденімен, облыстық, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен және аудан, ауыл әкімдерінің дипломымен марапатталған.

Иә, ауыл шаруашылығы – жер мен елдің арасын жалғап тұрған алтын көпір, тіршіліктің түп тамыры. Жер – ана болса, егінші – оның мейірімін оятқан перзенті, малшы – оның құшағын күзеткен қорғаушысы. Көктемде егілген әрбір дән – үміттің алтын түйіршігі, күзде жиналған әрбір өнім – ел ырысының қазынасы. Бұл – күннің шуағын, жауынның тамшысын, даланың самалын бойына сіңіріп, маңдай термен суарылған қасиетті еңбек.

Бір қолымен жерді емірене жыртып, екінші қолымен елдің несібесін терген егінші де, боранды қыста қасқайып жүріп малын аман сақтаған шопан да – барлығы да елдің бақшасындағы бағбан секілді. Сондықтан да дала еңбеккерлерінің туған топыраққа деген сүйіспеншілігі мен ұрпаққа қалдырған ізгілікті істері әрдайым еске алынып, жас буынға үлгі болып қала беретіні сөзсіз. Осындай асқақ рух пен қайсар еңбектің арқасында ауыл жайлы мекенге, ел берекелі ошағына айналады. Асекеңдей азаматтардың арқасында ғана туған жердің үміті, елдің бақыты мәңгі жасай бермек.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT