Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына орай өткен спартакиада кәсіпорын тарихындағы ең ауқымды шараның біріне айналды. 700-ден астам қызметкер 12 спорт түрінен сайысқа түсті. Екі аптаға жалғасқан аламан «Мұнайшы» кешенінде қорытындыланды.
«АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов даңқты 80 жылдық мерейтоймен астасқан спорттық шараның ерекше мәнге ие екенін айтады. Игі бастама ұжымдық рухты бекемдеп, ортақ мақсат жолында күш біріктіруге үндейді дейді ол. «Зауыт тарихындағы әр белес – қажырлы еңбек пен ортақ табыстың жемісі. Сол жетістіктің артында тек кәсіби шеберлік емес, ауызбіршілік жатыр. Ал бұл қасиеттер осындай ұжымдық додаларда айшықталады. Қызметкерлердің белсенділігі – біздің берік корпоративтік мәдениетіміздің айғағы. Қатысушылардың көп болуы – соның жарқын дәлелі», – деді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов.
Жарыс бағдарламасында ұлттық ойындарға да баса назар аударылды. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық, садақ ату, арқан тарту сынды төл мұраларымызбен қатар, волейбол, футбол, жүзу, үстел теннисі, шахмат, қол күресі, баскетбол мен киберспорт сынды заманауи спорт түрлерінен де өзара мықтыны анықтады. Спорттың төрт түрінен сайысқа түскен гидрогенизациялық процестер өндірісінің инженері Марина Яшкова турнирдің ең белсенді қатысушысы атанды. «Қол күресі, үстел теннисі, жүзу және садақ атудан өз бағымды сынап көрдім. Барлық жарыстарда жүлделі орындарға ие болдым. Садақ атудан жарысқа бірінші рет қатысып, алтын медаль жеңіп алдым. Қатты қуанып тұрмын», — дейді Марина Яшкова.
Спартакиадада мерейі үстем болып, жұлдызы жанған тағы бір қызметкер –Дияр Сейдағалиев. Ол асық атудан жеңімпаз атанды. Зауытта сумен жабдықтау блогының аппаратшысы болып 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Асық атуды бала кезінен үйренгенін айтады. «Бұл ойын дәлдік пен шапшаңдықты, дұрыс тыныс алуды қажет етеді. Жарыс тартысқа толы болды. Әр қарсылас лайықты дайындықпен келген. Мұндай шаралар жұмыс күнделігінен сәл де болса серпілтіп, спортқа деген ынтаны арттырады.», – дейді ол.
Киберспортшылар арасында электр цехының командасы қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. «Командамыз 5 негізгі ойыншыдан тұрады. Қосалқы ойыншылар мен техникалық қолдау көрсететін әріптестеріміз де бар. Аптасына бірнеше рет жаттығу жасап, ойын тактикаларын талдадық. Әр ойыншы өз позициясында шеберлігін арттырып, командалық үйлесімділікті барынша жақсартуға тырыстық.», — дейді жеңімпаз ұжымның капитаны, тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтер Нұркен Мағзомов.
Марапаттау кезінде зауыт басшылығы барлық қатысушыларға белсенділігі мен тыңғылықты дайындығы үшін алғыс білдіріп, ұжымдық шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын тілге тиек етті. Ал, ұйымдастырушылар тарабы доданың жоғары деңгейде өткенін айтады. «2500-ден астам адам жұмыс істейтін алпауыт кәсіпорынның 30 пайызы спорт додасына жиналды. Көп адамды мұндай бәсекеге жинау – үлкен ұйымдастырушылық пен жауапкершілікті талап етеді. Әр спорт түрі арнайы бекітілген регламентпен өтті. Қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын басты назарда ұстадық.», – дейді қызметкерлерді басқару бөлімінің басшысы Мөлдір Шоханова.
Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы кубок-медальдармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Мерейтой аясындағы бұл спартакиада – АМӨЗ ұжымының тек өндірісте емес, ортақ істе күш біріктіре алатынын айғақтаған маңызды сәт болды.