«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарының бір көрінісі – Аққыстау ауылында салынып, жақында ғана тұрғындар игілігіне берілген алғашқы «Ұстаздар саябағы». Бүгінде бұл жаңа демалыс орны ауыл ажарын ашып, күн сайын көркейе түсуде. Саябақ аумағына жақында ғана 18 дана шырша отырғызылып, жасыл желек көлемі артты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісовтің айтуынша, Исатай ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
– Биыл Аққыстауда жаңа саябақ пайдалануға берілсе, алдағы жылдары өзге елді мекендерде де жасыл желекті көбейту бағытындағы іс-шаралар жалғасын табады. Ауылдың тынысын ашатын, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыратын жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз,-дейді бөлім басшысы.

Жалпы аумағы 2400 шаршы метр болатын «Ұстаздар саябағының» құрылысы тамыз айында басталып, қазан айында толық аяқталды. Саябақ ішінде серуен жолдары төселіп, жарықтандыру шамдары мен демалуға арналған орындықтар орнатылған. Бұл – ұстаздар қауымы мен ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды нысан.
Ауданда жыл сайын жасыл желек көлемін арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту – басты бағыттардың бірі. Аққыстаудағы жаңа саябақ – осы мақсатты нақты іске асырудың жарқын мысалы.


