Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, олардың өлшеусіз үлесін көрсету мақсатындағы маңызды қадам. Шын мәнінде, еліміздің дамуының негізі қажырлы еңбек пен нақты өндірістік мамандықтар екені сөзсіз. Сол еңбектің шынайы көрінісін туған жерінде көрсетіп жүрген жастардың бірі – Берік Бірмәнұлы Сәкен.
Берік Бірмәнұлы 1999 жылы 17 қаңтарда Атырау облысы, Махамбет ауданының құнарлы топырағында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқорлық пен ауыл тіршілігіне жақын болып өсті. 2015 жылы О.Шонаев атындағы орта мектепті бітіріп, өмірлік жолын нақты мақсатпен белгілеп, ауыл шаруашылығына, мал дәрігерлігіне бет бұрды. Сол жылы Атырау агро колледжіне «мал дәрігері» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2019 жылы жоғары көрсеткіштермен оқуын аяқтады. Жас маман оқуын тәмамдаған соң туған жеріне қайта оралды. Аудандық мал дәрігерлік станцияға жұмысқа орналасып, нақты іс жүзінде ауыл шаруашылығына үлес қоса бастады. Бүгінде Берік Жалғансай ауылдық округінде мал дәрігері болып еңбек етеді.
Мал дәрігерінің еңбегі – көзге көрінбегенмен, ауыл өмірінің берекесімен тығыз байланысты. Төрт түліктің амандығы – тұрғындардың тұрмыстық жағдайының кепілі. Әрбір малдың уақытылы емі, қажетті алдын алу шаралары – ауылдың да, мемлекеттің де азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бұл ретте Берік өз кәсібіне бар ынта- жігерімен қарап, жауапкершілік пен адалдықты ту етіп келеді.
Кейіпкеріміз өзінің жұмысын жай ғана міндет деп емес, ауылдың амандығы мен берекесіне қосқан үлесі деп қабылдайды. Әсіресе көктемгі, күзгі кезеңдерде малды егу, жұқпалы аурулардың алдын алу сияқты маңызды жұмыстарда оның еңбегі ерекше білінеді. Ауыл тұрғындары да жас маманның еңбегіне дән риза. Берік тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, қарапайымдылығы, жауапкершілігі және уәдесіне беріктігімен елге сыйлы болып үлгерді. Ол әр істі жанашырлықпен атқарып, мал иелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Берік Бірмәнұлы – жанұялы азамат. Үш баланың әкесі ретінде ол отбасында да, жұмыста да үлгі болып отыр. Балаларына адал еңбек пен туған жерге қызмет етудің қадірін ұғындырып өсіріп келеді. Өзінің сөзімен айтқанда, «еңбекке ынталандыру – балаға ең үлкен тәрбие».
– Мал дәрігері ауыл өмірінің тынысы деп санаймын. Сондықтан біздің мамандықта қателікке жол жоқ. Жұмысшы мамандығының мәртебесі артқан сайын ауылдың да, елдің де келешегі нығаяды. Өз ісімді мақтан етемін. Елге адал қызмет етіп, туған жерімнің өсіп-өркендеуіне аз да болса үлес қосуды парыз санаймын,- дейді жас маман.
Бүгінгі ауыл жастары үшін Берік Бірмәнұлының өмір жолы – үлкен өнеге. Ол өз кәсібін сүйіп, туған жеріне адал қызмет ету арқылы нағыз еңбек адамы қандай болу керектігін көрсетіп отыр. «Жұмысшы мамандығы» жылы шеңберінде осындай білікті, қарапайым еңбегімен ел алғысына бөленген жастарды дәріптеу – үлкен маңызды іс. Себебі еліміздің болашағы – білімді, еңбекқор әрі патриот жастардың қолында. Еңбек адамы – елдің тірегі. Ал Берік Бірмәнұлы сияқты азаматтар – сол тіректің берік тұғыры!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ