Көшедегі мәселе кеңседе шешіле ме?

БӘЛКІМ ӘЛДЕБІРЕУЛЕР БІЛЕ ДЕ БЕРМЕУІ МҮМКІН. ЕКІНШІ ЖЫЛҒА АЙНАЛДЫ, ИНДЕР АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ЖАНЫНАН РЕСПУБЛИКАДА БІРДЕН-БІР ҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ "ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ" БАСТАМАСЫМЕН ҮНДЕСЕТІН "ТӘЛІМГЕРЛЕР КЛУБЫ" ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛЕДІ.

ӘРИНЕ, БҰЛ ЖАҢА БАСТАМА АУДАН МЕН ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫНАН ҚОЛДАУ ТАПҚАНЫМЕН ДЕ ОНЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ОҢ НӘТИЖЕСІ ПАЙЫЗБЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ, ЖЕТІСТІГІ ДЕ БІРДЕН КӨЗГЕ КӨРІНЕ ҚОЮЫ ҚИЫН. БІРАҚ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРС АРҚЫЛЫ ӨТКЕН ЖАС МАМАН, БАСШЫЛАР АРДАГЕРЛЕР ОРТАСЫНА КЕЛІП, ӨЗІН-ӨЗІ ТАНЫСТЫРЫП, ҚЫЗМЕТТІ МЕҢГЕРУ ДӘРЕЖЕСІН КӨРСЕТІП, МІНДЕТ-МАҚСАТЫМЕН БӨЛІСЕДІ. Әншейінде біраз басшыға кірмек түгілі, түсін де тани бермейтін аға буын өкілдері үшін мұның пайдалы жақтары көп екені рас. Ал, ардагерлер ортасына келген жас басшылар мен мамандардың бұдан ұтпаса, ұтылары аз. Сондықтан да осы жолы жаңадан жұмысқа тұрған аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Жеңіс Иғалиев, Жарсуат округінің әкіміне сайланған Ербол Бөкеев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тоғайбай Салахадиновқа тәлімгерлердің айтары аз болмады. Көптеген сұрақпікір, ұсыныстар да бір арнада тоғысты. Аудан әкімі аппаратының басшысы Артур Мурзин мен әкімдіктің бөлім меңгерушісі Қайыржан Нұриев қатысқан кезекті отырысты Тәлімгерлер жетекшісі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, республикалық бірлестіктің пленум мүшесі Өтеп Қасибаұлы ашып, алдымен жаңа басшылардың өмірбаян және қызмет деректерімен таныстырды.

Ішкі саясат бөлімін басқаруға тағайындалған жоғары білімді Жеңіс Иғалиұлына бұл сала таңсық болып көрінгенімен де ол бұған дейін аудандық әкімдіктің экономика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту салаларында жұмыс істеп біраз тәжірибе жинап, әбден ысылғандығын танытты. Оны аппарат басшысы Артур Табылдыұлы да жасырмады. Бірақ, қызметі ешбір пайыз, жалпы цифрмен өлшенбейтін, жауапкершілігі өте жоғары аудандағы ішкі саясат саласында шешімін күткен түйіндер мен мәселелерді атаған және бірнеше сауал қойған Бақыт Қарекешова, Қуанғали Ғабсаламов, Сүйеу Халықов, тағы басқаларының сөздерінің де жаны бар. Мәселен, тіл мен дін, руханият пен дәстүр сабақтастығы, жастар мен балалар тәрбиесі, адами сыйластық, құқық пен денсаулық қорғау, оң-теріс ақпараттар ағынын сараптау, тіпті әр ұжымдағы қалыптасқан қағидаттар тінін сақтау, жетілдіру, бюрократтық, жемқорлықтан аулақ болу сынды сан қилы сұрақтар жас басшының алдынан шықты. Алдағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын лайықты қарсы алу мен Президент Жолдауындағы тың міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету де жаңа басшыдан жоғары іскерлік пен біліктілік, табандылықты қажет ететіндігі де атап көрсетілді. Мұндай сауалдар жер көлемі жағынан ең ірі Жарсуат округінің жаңа әкіміне де аз қойылмады.

Сонымен қатар, ауылда жаңадан салынып жатқан спорт кешеніне қажетті штаттарды осы күннен анықтауға қатысты ой қозғалды. Тек күрес емес, ауылдықтарға ыңғайлы теннис, волейбол, гандбол, басқа да түрлері бойынша жаттықтырушыларды дайындау, болашақта салынатын саябақтың осы күннен болжамдық жоспарымен жақын танысып, онда балалармен қатар қарттарға да лайықты жаттығу - бой сергітуге қажетті құрал-жабдықтарды қарастыру сынды ұсыныс, басқа да мәселелер көтерілді. Ауылдардағы үндері естіле бермейтін қоғамдық кеңестердің де беделі мен іскерлігін көтеру сөз өзегіне айналды. Ал, ауыл шаруашылығы бөлімінің жас басшысына бұдан да басқа көптеген мәселелерге ерекше назар аударуы керектігі өткір қойылды. Осы бастан кеңседе отырып, қағаздардағы қатып тұрған пайыздар мен цифрларға бой үйретпей, құм басқан құдықтар мен қыстақтарды түгендеу, қожалықтармен етене жұмыс істеуге жетілу, іскер байланыс орнату жайлары алға тартылды. Жаңа басшы жиі көтерген суландыру және мал басын асылдандырумен қатар, басқа жақтардан келіп жер алып, оны тоздырып, бірақ тиесілі жерде өскен мал және басқа өнімдерімен ауылдықтарды қамтымай, тіпті есепке де енгізбей, қалаға таситындар, Президент айтқандай, жерді қоршап алса да игермей бауырына басқан алпауыттармен жұмыс жүргізу жеңіл шаруа еместігін ардагерлер қаперге берді.

Тәжірибелерін алға тартты. Бағаны төмендету ол тек апта сайынғы базар аралап саралаумен шектелмейтінін, қайта аудан халқына қанша картоп, көкөніс, жалпы 19 түрлі бірінші қажеттілікке жататын өнімдерді нақтылап, жергілікті жерде дайындауға қол жеткізуді ұйымдастыру да осы бөлімнің құзырындағы міндет екендігі атап көрсетілді. Оны жаңа басшы мұның бәрін біледі ме, оған қажетті талапты қоя алатын табандылығы жетеді ме деген сауал төңірегінде пікір алысылды. Қысқасы, осылайша тәлімгерлер алдына келген жас басшылардың іскерлік пен жауапкершіліктері тағы бір сыннан өткендей болды. Бастысы ертең елім дейтін кемеңгерді бүгін дайындау қоғаммен қатар аға буын алдында тұрған қиын да жауапты міндет екендігі осы ортада кім-кімге де тағы бір танылғандай тың әсер сыйлады.

С.БИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521