Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов күн райының күрт бұзылуына байланысты қаладағы қар тазалау жұмыстарын жүргізуге қосымша техникаларды жұмылдырды.
Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, 70-ке жуық техника мен арнайы жасақтар қаланың іші мен қала маңындағы шағын аудандардың көшелерін тазарту жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Серік Шәпкенов өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
«Бірнеше күннен бері жауған қардың соңы бүгін ақ түтек боранға ұласты. Синоптиктердің хабарлауынша, бүгін таңертегі сағат 8-ден кешкі 8 аралығында қалаға бір айлық норма (12 мм) көлемінде қар жауды. Қардың қалың түсуінен көлік қозғалысы қиындап, жаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі болды. Мұздақ қардың электр желілелеріне түсуіне байланысты тоқтың қысқа тұйықталуы салдарынан кей шағын аудандардың тұрғындары жарықсыз қалды. Қазіргі таңда апаттық бригадалар жарық өшіп қалған аудандарда электр энергиясын кезең-кезеңімен қосып жатыр. Жауапты мекеме мәселені толықтай реттейді. Бұл жағдай менің тікелей бақылауымда. Менің тапсырмам бойынша қазір облыс аумағындағы құрылыс және жол саласындағы ірі мердігер мекемелер қарды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Бұл мекемелер тазарту жұмыстарына арнайы техника бөлді. Нәтижесінде 70-ке жуық техника мен арнайы жасақтар қаланың іші мен қала маңындағы шағын аудандардың көшелерін тазарту жұмыстарын бастап кетті. Бұл жұмыстарды үйлестіруді қала әкіміне жүктедім.Осы ретте бірнеше күннен бері ауа райының суығына қарамастан күш-жігерін салып жатқан тазалық мекемесінің қызметкерлеріне рақмет,-деді С. Шәпкенов.