Ардагерлер ақылын айтты

2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде «Еңбек күні» атап өтсе, қазан айы қарттар айымен жалғасын табады. Соған орай ардагерлерімізбен кездесу ұйымдастырылды.

Бұл жиында еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару жайы сөз болды. 
Мерекеге орай аудандық орталықтандырылған кітапхана мен  жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ел алғысы – еңбекке» атты  түрлі сала маман иелерімен кездесу өтті. Шараға еңбек ардагерлері Қалекен Жұмашев және баспахана  ардагері, "Күміс алқа" иегері  Үнзира Қадырбаева қатысты. 
Шара жүргізуші Дана Нұрғуатова кездесу қонақтарымен таныстырып, қонақтарға еңбек жолдары жөнінде сұрақ қойып отырды және «Еленген еңбек жемісі» атты кітап көрмесімен таныстырды. Қонақтар да еңбек жолдарында жеткен жетістіктері туралы жиналған жастарға ақыл-кеңестерін, келер ұрпаққа сабақ алар істерін сөз етті. 
Қалекен Жұмашев 1935 жылы дүниеге келген. 1966-1990 жылдары Индер геологиялық-барлау экспедициясында бұрғылаушы маманы, «К-700» тракторының жүргізушісі болып жұмыс істеген. Қазір зейнеткерлік демалыста, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Ал, Үнзира Қадірбаева 1946 жылы  Құрылыс ауылында дүниеге келіп, Құрылыс орта мектебінде алғаш әріп таныған. 4 сыныптан бастап Кулагиндегі  Жамбыл орта мектебінде 9 сыныпқа дейін білім алған. Кейін екі ауданның қосылуына байланысты 11 сыныпты бұрынғы Яманко, қазіргі Махамбет ауданында тәмамдаған. 1963-1965 жылдары аудандық "Дендер" газетінің баспаханасында еңбек етіп, 1990 жылы еңбек демалысына шыққан.  
«Еңбек еткеннің мерейі қашан да жоғары. Сондықтан жастарымызға жұмыстан қашпай, адал еңбек етуге ұмтылып, білім алыңыздар демекпін. Өйткені жаста еткен еңбек есейгенде азық болады. Ата-ананы сыйлап, ел үшін еңбек етіңдер», деді қонақтар.    
Шара барысында белсенді жастар Д.Байбақты, Иса Нұрасыл өнерлерін көрсетсе, еңбек ардагері Қалекен Жұмашев жастарға батасын берді. 
Кездесу соңында кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлзина Азанова мен жастар ресурстық орталағының директоры Темірлан Бертілеуов қонақтарға алғысын айтып, естелік сыйлықтар табыс етті. 

 

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT