АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында 2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінң баспасөз қызметі.
Мәселен, Қарағанды облысында 1,5 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қостанай облысында – 738 мың га,
Ақтөбе облысында – 745 мың га,
Түркістан облысында – 631 мың га,
Павлодар облысында – 532 мың га.
Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 млн га алаңды қамтитын 2 410 жоспардан тыс тексеру тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша 3,1 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 597 ұйғарым шығарылды, 240,9 мың га алаң бойынша 246 материал сот қарауында.
Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 млн га алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті.
Сонымен қатар, қабылданған шешімдердің заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша аумағы 526,3 мың га ауылшаруашылығы жерлерін беру туралы жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталып, оның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.