Құрманғазыда «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылды

Құрманғазы ауданында «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылды.

Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігін, сапасын қамтамасыз ететін сұхбат алаңы. Енді аудан тұрғындары алдын ала жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерінің түйіткілді мәселелерін көтеріп, құқықтық және әлеуметтік көмек алады. Жалпы бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

Салтанатты шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Абылханов, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, Атырау «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева, аудан әкімі Қайрат Нұртаев ардагерлер, аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

kurman

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Абылханов:

– Президентіміздің саясатын қолдау бағытында облысымызда «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асуда. Азаматтар қызмет алу үшін бұрынғыдай шаршамайды. Дәліз жағалап, әр есікті бір қағып, кеңселердің табанын тоздыру енді болмайды. Ашық форматтағы кеңседе ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа салалар бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Біздің мақсат бұл қызметтерді тұрғындар жеңіл алуы үшін бір орталыққа шоғырландыру. Бұл жерде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жасақталған, ғаламтор желісімен қамтылған. Дербес компьютерді қолдану арқылы әрбір тұрғын өзіне қажетті қызметті ала алады. Арнайы орынды күту залы, балалар ойын алаңы қарастырылып отыр. Мекемелер ашық жұмыс атқарып, тұрғындардың қажетіне орай қызмет етеді деп сенемін. Сонымен қатар мұнда «Атырау адалдық кеңсесінің» орынжайы жасақталды, - деп алдағы уақытта бекітілген кестеге сәйкес «Ашық әкімдікте» азаматтарды қабылдау жүргізілетінінен хабардар етті.

kurmang

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов бұл кеңсенің тиімділігіне тоқталып:

– Қасым Жомарт Кемелұлы айтқанындай қазіргі кезде екі арада адам емес, қағаз жүгіруі керек. Ашықтық, әділдік, парасаттылық – әділдіктің басты қағидалары. Сондықтан осындай форматтағы «Ашық әкімдік» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес келеді. Сервистік әкімдіктің ашылуына сәттілік тілеймін,- деген ізгі тілегін жеткізді. Ғимарат алдында керілген лентаны Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев қиды.

Шараға қатысушыларға аудан әкімі Қайрат Талапұлы «Ашық әкімдік» кеңсесін аралатып таныстырды. Мұнда жоғарыда облыс әкімінің орынбасары атаған барлық қажетті құралдар бар. Әр жерде мамандар отыр. Бір шетінде қажетті ойыншықтар қойылған балаларға арналған алаң орналасыпты. Аналарымен бірге келгендері сол жерде ойнай алады.

kurma

Өз сөзінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт:

– Бұл сіздер үшін қажетті ақпараттар беретін, болашақта қызмет ететін бұрыш. Енді оны өздеріңіз жақсылап пайдаланыңыздар. Мақсатымыз мемлекеттік қызметкер мен қарапайым халықтың тікелей нақты диалогын орнату. Болашақта сол Мемлекет басшысы айтқандай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру концепциясының басты қағидаттарының бірі болады. Мемлекеттік қызметтерге осы жерден өздеріңіз де баға беріп отырасыздар. Сіздер тартынбай, өздеріңізге жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдалануға ұмтыласыздар деп ойлаймын, - деп осындай сервистік әкімдіктер облыс бойынша Жылыой, Исатай аудандарында ашылғанын қаперге берді.

Аудан тұрғындары атынан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров сөйлеп:

– Тұрғындарға соңғы жылдары керемет қызметтер көрсетілуде. Президентіміздің әрбір Жолдауы халықтың тұрмысын жақсарту, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бүгінгі «Ашық әкімдік» атқарушы биліктің, өкілетті органның халықпен арасындағы тығыз байланысты, жариялылықты қамтамасыз етеді, - деп ризашылығын білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521