Төтенше жағдай режимін бұзғандар жазасыз қалмайды

COVID-19 коронавирусімен күресу мақсатында енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде прокуратура басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.

Осы мақсатта құқық қорғау органдарына қорғану құралдарының алыпсатарлығы фактілерін анықтауға қатысты нұсқау берілді.

Бүгінде 3,5 млн медициналық бетперденің заңсыз сатуының жолы кесілді. Олардың барлығы тәркіленіп, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілді.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Жалпы, азаматтардың көпшілігі түсінушілік танытып, карантин шараларына оңды қарауда.

Дегенмен, кейбір тұлғалар мемлекеттік органдардың ескертулеріне назар аудармауда, шектеулер мен тыйымдарды елемей, жалған ақпараттар таратуда.

Әлеуметтік желілерде 8 жалған ақпарат тарату фактілері бойынша полиция органдарымен 8 қылмыстық іс тергелуде (ҚК 274-бабы).

Жұқтырғандардың емханадан өздігінен кетіп қалып, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіру және кіммен байланыста болғаны туралы мәліметті жасыру жағдайлары тіркелуде. Сондықтан 2 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында тыйым салынғанына қарамастан мерекелік және көптеген адамдар жиынымен шаралар өткізілген, интернет-клубтар мен балалар үшін үйірмелер жұмыс жасаған.

Заңмен қатаң көзделген 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасын қолдануға мүмкіндік болса да, кінәлілер ескертіліп, оларға айыппұлдар салынды.

Жалпы, төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін қандай жауаптылық көзделетінін әрбіреуі білуі қажет.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.

Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-тің 478-бабы) – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.

Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық нормативтерді бұзу (ӘҚБтК-тің 425-бабы) қызметін тоқтата тұрумен 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл, ал бақылау органдарының талаптарын орындамау (ӘҚБтК-тің 462-бабы) қызметін тоқтата тұрумен қоса 500-АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Осыған сияқты құқық бұзушылық салдарынан абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына немесе адамның өліміне әкеп соққан жағдайда он жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады (ҚК 304-бабы).

Жалпы, төтенше жағдай кезінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық кодекспен одан да қатаң жазалар көзделгеніне назар аударамыз.

Төтенше жағдай жарияланған жерде жасалған қылмыстар үшін негізгі қылмыстық-құқықтық шаралар Қылмыстық кодекстің 14 бабында жазылған.

Олардың қатарында көрінеу жалған ақпаратты тарату (ҚК 274-бабы 4 бөлігі бойынша – 3-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкіліне бағынбау (ҚК 379-бабы – 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкiлiне қатысты күш қолдану (ҚК 380-бабы 3 бөлігі бойынша – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық (ҚК 380-1 бабы 2 бөлігі бойынша – мүлкі тәркілеумен 15-ден 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру), тыйым салынған ереуiлге басшылық ету, ұйымның жұмысына кедергi жасау (ҚК 401-бабы – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру) және бірқатар әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар.

Осы кезеңде, басқа да әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау, әкімшілік жауаптылық пен қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады (ӘҚБтК-тің 57-бабы, ҚК 54-бабы).

Жалпы, эпидемияға қарсы қалыпты және максималды тиімді шараларды жүргізу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін осындай қатаң шаралар қажет.

Осыған байланысты, Бас прокуратура азаматтарды үрейге берілмеуге, сабырлық танытуға, заңдылықты сақтауға, уәкілетті органдардың тыйым салынған және шектеу қойған талаптарын орындауға, жалған хабарламаларға назар аудармауға және тек қана ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын басшылыққа алуға шақырады.

Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521