"Дендер жұлдыздары" байқауының 300 000 теңге байрағы кімге бұйырды?

Ақжайық ананы тел емген, өрісі мен ырысы бір, тірлігі мен тынысы бір, жүрегі мен тілегі бір болып табылатын тыңдарман қауымға қуаныш сыйлаған үлкен шара өткізілді.

Елбасымыздың әрбір Жолдауында ұлттық өнерімізді ұлықтау арқылы кешеден бүгінге жеткен төл өнерімізді ертеңге жеткізу басты парызымыз екенін атап көрсеткен болатын. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін ұлағатты ұрпақ пен жалынды жастарымыз бүгінгі күні әр салада еңбек етіп, жоғары оқу орындарында білім алуда. Өткен жылы Елбасы белгілеген Жастар жылының айшықты шараларын жалғастыру мақсатында өткізілген «Дендер жұлдыздары» шарасының мән-мағынасы зор болды.

b

Аудан әкімі Мейірім Қалауидың тікелей бастамасымен ұйымдастырылған байқауға қатынасушылардың қарасы көп болды. Әрі тігілген байрағы да қомақты қаржыны құрайды.  Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Тілімізді, ұлттық мүдделерімізді насихаттайтын да, өзімізді өзгелерге танытатын да, өскелең ұрпақ екені ақиқат.

Он төрт пен жиырма тоғыз жас аралығындағы үміткер қатынасқан өнер байқауының шымылдығын аудандық оралықтандырылған аурухана қызметкері Гүлжазира Мағазова халық әні «Әй-әй бөпем» әнімен ашты.

bas-zhulde

Екі турдан тұратын байқауда үміткерлер бірінші бөлімінде халық әнін, екінші бөлімінде еркін тақырыпта ән шырқады. Байқаудың талабы да қатты болды. Оны Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы, композитор, әділқазылар алқасының төрағасы Сартбаев Бақытбек Мырзағалиұлы екпін түсіре атап өтті. Әнші сахнада орындау мәнері мен табиғатынан қателік жіберіп жатса бірден тоқталып, келесі үміткерге мүмкіндік берілетінін атап өтті. Ол солай болды да.

2-oryn

Шыны керек, байқауға қатынасушылардың арасында сахна мәдениетіне жүрдім-бардым қарап, байқауға қатынасуға жатпайтын, өзінің дауыс табиғатына сай келмейтін әндерді орындаушылар да кездеспей қалған жоқ.

Есті ән елдің есінде қалары анық. Бірқатар көрерменде қосылып орындап отырды.

korermeni

Сөйтіп тура бір күнге жалғасқан байқаудың бас жүлдесін Жарсуат ауылынан қатынасқан Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің ІІІ курс студенті Нұрлан Сағынов жеңіп алып, 300 000 теңге байрақты еншіледі.

Өрлік ауылынан келген Бекслан Тұрсынов І орын, Махамбет атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Жанболат Әміржанұлы ІІ орын иеленсе, қосымша ақшалай байрақтарды алды.

Сондай-ақ Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің ұстазы Бағдат Әбенов, аудандық өнер мектебінің мұғалімі Әсемгүл Дүйсенғалиева, жеке кәсіпкер Айжан Ищанова жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.

Өзге де қатынасушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

 

С.КӨШЕКОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521