Ауданда домбырашы Төлеуғалиға арналған класс ашылды

Ұлтымыздың ұлы мұрасы болып табылатын домбыра аспабының қыры мен сырын, тамаша тағылымын ұрпақ санасына сіңіруде аянбай еңбек еткен Төлеуғали Базаровтың есімін есте сақтап, ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында аудандық балалар өнер мектебі «Жас орындаушылар» байқауын ұйымдастырды. Шара Төлеуғали Базарұлының есімімен аталатын домбыра класының ашылуымен басталды.

Аталмыш сыныпқа домбыра класының мұғалімі Қарлығаш Камалова жетекшілік етеді. Сыныпта аға өмірінен сыр шертетін деректер мен ұлы бабаларымыз туралы мәліметтер қойылған.

korme

Өз сөзінде өнер мектебінің директоры Ералы Сахипов 1940 жылы көршілес Новобогат ауданына қарасты Тұщықұдық ауылдық кеңесінде өмірге келген ағамыздың аудандағы еңбек жолы 1979 жылы аудандық балалар саз мектебі директорының орынбасары кейін басшысы болуымен басталғанын айтты. Өмірінің соңына дейін осы салада жемісті еңбек етіп, өнер жолында өзіндік ізін қалыптастыра білген ұстаз көзі тірісінде «Салтанат» халық-аспаптар ансамблін құрған екен. Осы ансамблдің ұйытқы болуымен белгілі домбырашы Қаршыға Ахмедияров нотаға түсірген Махамбет баба күйлерін кеңінен насихаттауда үлкен еңбек сіңірді.

Әрі сол жарыққа шыққан күйлерді Қазақстан ұлттық арнасы арқылы көрермен назарына ұсынып, арнаның алтын қорына енген. Сондай-ақ Қазақ ССРнің еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Абдолла Мусағалиевтің мұрасын насихаттауда да айтарлықтай еңбек сіңірді.

Әсіресе оның «Салтанат» күйінің халық арасында кеңінен танылуына қосқан үлес зор екенін атап өткен білім ордасының директоры екі жылда бір рет аға атындағы байқау өткізуді дәстүрге айналдыратындықтарын жеткізді. Сөз алған аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің маманы Гүлнұр Даутова, ардагер ұстаз, Злиха Қайырманқызы, ағаның бауыры, М.Әуезов атындағы орта мектептің саз пәнінің мұғалімі Қайырғали Базаров абзал азаматтың атқарған өнегелі ісі оның есімін ұлықтауға зор мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

s

Жалпы балалардың өнерге деген қабілетін ұштап жүрген оқу орнында білім алатын оқушылар арасындағы байқау балапан, кіші, орта топтарға бөлініп сарапқа салынды. Әрбір қатынасушы өз дайындықтарымен қатар шеберіліктерін паш етуге талпынды. Домбыра класы бойынша үш топта өнер көрсеткен балғындар арасында Әлижан Елемес, Сайын Әлихан, Шах - риза Қайырғали секілді өрендердің мерейі үстем болып жүлдегер атанды.

Ал Қорқыт бабамыздың көзіндей болып бүгінге жеткен Қобыз аспабын меңгеріп жүрген оқушыларымыздың көп болуы да көңілге қуаныш ұялатады. Олардың қатарында Мөлдір Ислямғали, Інжу Жалғас, Айару Қойшыбай, Аксана Фазыловалардың өнеріне көрермен ықыластана қол соғып, қазылар алқасының шешімімен жүлдегер болып танылды. Бабаларымыздың өнеге тұнған өсиетіне негіз болған терме орындаушылар қатары өсіп келе жатқаны да жасырын емес.

korermen

Осы тұста индерборлық Еркін Әубәкіровпен бөденелік Гүлбаршын Сариевалардың, жарсуаттық Асқар Батабиевтың шәкірт дайындаудағы қадаамдары көңіл қуантарлық. Олардың бірі осы байқауға қазылық етсе, келесісі өз шәкіртін қатыстырып, оқушының аяқ алысын байқап көрді. Текті сөздің төресі болып табылатын терме бағамында Бекнұр Бейінбетов, Фариза Саламат жүлдегер болып танылды.

Ал баян класы бойынша сынға түскен өрендердің арасында Әселім Жолдас, Қанат Саят секілді оқушылар жүлдегер атанды.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521