Атырауда сақтық шаралары күшейді

Атырау қаласының кіреберісінде ашылған 4 санитарлық бекетте бақылау күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Санитарлық бекеттер жаңадан салынған полиция бөлімшелерінің ғимараттарына орналасқан.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов денсаулық сақтау басқармасы, полиция және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің басшылығымен көшпелі кеңес өткізді. Санитарлық бекеттерде өзге өңірлерден облыс орталығына көлікпен өтетін адамдар тексеріліп жатыр.

«Кешеден бері санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлерімен бірге Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары кезекшілікті бастады. Олар көлік жолаушыларын резидент емес нөмірімен тексереді. Сонымен қатар, жолаушылардың дене қызуы өлшенеді» деді департамент басшысы Мейіржан Есімбаев.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов болашақ санитарлық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Тиісті органдар басшылығы тәулік бойы кезекшілік атқаратын қызметкерлердің тізімін дайындауы тиіс.

«Біз коронавирус инфекциясының алдын алу үшін санитарлық нысандардың жұмысын ұйымдастыруымыз қажет. Карантин жарияланған аймақтардан қалаға кіретін көлік жолаушыларын мұқият қадағалау керек» - деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Көшпелі кеңес барысында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыстық туберкулезге қарсы диспансерде болды. Мұнда жеке гигиеналық заттары мен қауіпсіздік техникасы, карантинге жатқызылған науқастарға арналған жиһаздар жеткізілген қойма тексерілді. Қажетті жабдықтар «Теңізшевройл» компаниясының демеушілік қаражаты есебінен алынған.

Қазір облыста 1800 стационарлық орын дайындалған. inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521