Жаяу жүріп ауруынан арылған

Индер борат кенішінде ұзақ жылдар жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан Орынбасар Ақмурзин ауруынан қалай айыққанын айтып берді.

-Осыдан біраз бұрын жүректен қатты ауырып, құлап жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілдім. Одан сәтін салып, көлік бола кетіп, Атырауға жөнелтіліп, біраз күрделі ем-дом алдым. Шығарда емдеуші дәрігерім бір жап-жас, тіпті қызыммен құрдас түсі игі жан екен. «Ағай, сізге осы дәрілердің бәрін жазып жатырмын, бірақ мүмкіндігін тауып, көбірек таза ауада жүріп, жүгіргеніңіз пайдалы болады. Дәрі бір ауруды емдесе, екіншісіне зиянды болуы да мүмкін» деп кеңес берді. Содан адамға жан қымбат қой, Нұр-Сұлтан, тіпті Ресейден біраз қаржы шығарып, дәрі-дәрмектерді тым-тәуір қаржы жұмсап алдырдым. Бірақ дәрігерімнің жүгіруге берген кеңесін жадыма түйіп, ойланып жүргенде құдам Мәлік Биғамбаев та өзінің соңғы кезде денсаулығы бойынша көбірек серуендеп, жүгіруді әдеттеніп жүргенін айтқаны жаныма қона кетті.

Міне, содан бері екі жылдан асты тұрақты түрде таза ауада серуендеумен, жүгірумен айналысатын болдым. Таңертең сағат 5,30-да айналма жолға шығып, Индер көп бейінді колледжге, одан «Ақ Отау» мейрамханасы аралығында бір, болмаса 1 сағат 30 минуттей жүріп келемін. Алдымен таңертең тұрғанда бір стақан жылы су ішіп аламын. Ол жүргенде өте пайдалы. Сонан соң жүргенге жылы әрі жеңіл киініп алдым, әсіресе, аяққа жылы киінген дұрыс. Қазір салмағым дұрысталды. Ұйқым да жаман емес. Көңіл-күйім де көтеріңкі, күні бойына сергек жүремін.Тіпті ұзақты күн адам өзін-өзі жеңіл сезінгені жақсы екен. Көптеген ойға алған жұмыстарымды уақытымен тындыруға да ыңғайлы. Түсте 30-не 1 сағат көз шырымын аламын. Осы өзімді өзім күтуді қатты қадағалағанымның арқасында алған дәрілерім де пайдаланусыз қалды, дәрігерлерді де мазалауды қойдым.

Жасым 69-ға шыққанда бұдан артық маған не керек? Негізі дәрігерлердің денсаулық әр адамның өзіне керек дегені дұрыс қой. Емдеуші дәрігерім маған «ағай, сіз денсаулығыңызды күтіңіз, дәрігерге кез-келген уақытта бара аласыз» деген сөзі әлі күнге есімнен кетпейді. Шынында да денсаулық маған, өзіме ғана керек қой. Қазір мен жалғыз өзім емес, бірнеше жанмен осы айналма ұзын жолдың бойында, көлік те жоқ, таңғы саф таза ауада серуендеуге әбден бой үйретіп алдым. Қатарыма қосыламын деушілер болса, келіңіздер, көріңіздер. Бұдан еш ұтылмайсыздар, ұтпасаңыздар!

Жазып алған С.ХАЛЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521