Қазіргі баға көңіліңді көншіте ме?

Көршілес аспан асты елінен табылған коронавирус індетінің кең таралуына байланысты барыс-келіс пен алыс-беріске уақытша тыйым салынғаны белгілі. Осыған орай халық тұтынатын кейбір азық-түлік бағалары көтерілу үстінде деген әңгіме айтыла бастағаны да жасырын емес. Шынымен солай ма?

Халық көп шоғырланатын ірі сауда орыны «Талап» базарына барып, күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасына үңіліп қайтқанымызға себеп осы сұрақтың жауабын табу еді.

-Өзіміз де осы жердің тұрғыны болып табыламыз ғой. Жұрт арасында тауар бағасы өсіп кетті деген әңгімені жиі естиміз. Шынтуайтына келгенде, ондай қатты қымбатшылық жоқ. Айталық 5 кг қанттың бағасы 850 теңге, 5 кг күріш 1700 теңге, шемекі майдың литрін 400 теңгеден сатып отырмыз. Тек қана темекінің бағасында өсім бар, күні бүгінге ол 430 теңгеден саудаланады. Қайткен күнде де баға өсімін қолдан жасамаймыз,-дейді Айгүл, Толқын есімді сатушылар.

Ұзақ жылдан бері сауда саласында еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың бірі Айдос Жапар ағамыз да өз әріптестерінің сөзін қуаттады.

-Қашан да елмен біргеміз. Алабөтен өмір сүрмейміз. Өскен ақының тұтынушы қалтасына соғатыны рас. Сатып отырған тағамның ең алдымен сапасына баса назар аударамыз. Жаппай баға көтеру деген бізде қалыптаспаған, ара-тұра болғанымен, кейін орнына келіп жатады. Кей тағам бағалары түседі. Өткен айда жұмыртқаның бәсі 33 теңге болса, қазіргі таңда 30 теңгеден сатылу үстінде. Кейде ауданға іссапармен келетін қалалықтардың өзі сақтауға келетін арзан тауарларды осы жерден сатып алып жатады. Қайткен күнде де халық тұтынатын тауарлар қолжетімді бағамен сатылады ғой,-дейді ол.

Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ірі сауда орындарында картоп бағасы-120-130, сәбіз 120-150, қырық қабат-100-150, сүзбе 550, айран 310-350 теңгенің аралығында сатылу үстінде екен.

Десек те, аудан базарларында 2020 жылғы 1 тоқсанға белгіленген шектік бағадан жоғарылаған азық-түліктері де баршылық. Жалпы тауар бағасы бақылауда ұсталып отыр дейді мамандар. Сондықтанда алаңдауға негіз жоқ екен.

С.КӨШЕКОВ

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521