Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Б. Б. Дембаевтың «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде үндеуі

 ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті елдің бүкіл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2020 жылғы 19 наурыздан бастап карантин режимі енгізілді. Бірқатар шаралар мен уақытша шектеулер белгіленді.

Оларды орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (ӘҚБтК-нің 476-бабы – 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу). Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін түсіндіреміз (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейін ).

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 90-бабына сәйкес азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексеруден және емделуден өтуге міндетті.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен стационарлық және үй карантині енгізілді. Оларды іске асыру мақсатында уәкілетті органдар эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша шараларды қамтамасыз етуде. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин тұрғындардың және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

Алайда карантиннен жалтару, шетелге шығу туралы мәліметтерді және байланыста болған адамдар туралы ақпаратты жасыру фактілері бар. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды, оларға инфекцияны анықтау мен алдын алуға көмек көрсетуді сұраймыз.

Полицияның осындай талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделгенін атап өтеміз (ӘҚБтК-нің 667-бабы - 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамаққа алу). Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауаптылық белгіленген.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін. Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін). Сонымен бірге шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз.

Ағымдағы жағдай туралы шынайы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми Интернет-ресурстарында орналастырылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521