Оңай олжа деп, опық жеп қалмаңыз

Жақында Елтай ауылының тұсына киік аулауға тыйым салынып, заңмен қудаланатындығы туралы белгі қойылды.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімі басшысы Азамат Абиғалиев бұл дала киесі – киікті қорғау, тұрғындарға заңдылықты түсіндіру мақсатында қойылып отырған белгі екенін айтты сонда. Мұндай белгі алдағы уақытта басқа да ауыл тұстарына, аңшылық алқаптарға орнатылмақ. Киіктің мүйізі үшін жаппай аулап, жойып жібере жаздағанымен соңғы жылдары мемлекеттің қорғау шараларын күшейтуі нәтижесінде елімізде киік саны артып келеді. Соңғы 2-3 жылдан бері аудан аумағынан да мыңдаған киіктің үйірі өте бастады. Былтыр да желтоқсан айында көршілес Батыс Қазақстан облысы жағынан 30 мыңға тарта киік облыс аумағына өткен.

Салалық бөлімнің басшысы Азамат Қуандықұлының айтуынша, әзірге ауданның Елтай, Есбол, Өрлік, Көктоғай ауылдық округтерінің қырларында 400-ге тарта киік тұрақтады. Киіктердің қозғалыс бағыты өз күштерімен ғана емес, «Охотзоопром» ӨБ» арнайы мекемесі және жергілікті инспекция арқылы үнемі қадағалануда екен. -Алдымыздағы 7 қыркүйектен бастап аңшылық маусымы басталады. Әрі алдағы қыс айларында қар қалың болса Орал жағынан киіктің үйірі қайтадан осы аймақтан өтуі мүмкін. Осы орайда құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтерді көбейтпекпіз. Сондықтан да әуесқой аңшылардың, басқа да тұрғындардың далада киікке қызығып, аулаймын деп заңсыздыққа ұрынып қалмағанын қалаймыз, - дейді ол. Өкінішке орай бранконьерлік әрекеттер өңірімізде әлі де кездесіп қалатын көрінеді. Мысалы, биыл Махамбет, Индер аудандарында киік аулауға қатысты бір-бірден қылмыстық іс ашылып, тергелу үстінде екен. Киікті аулаумен қатар, заңсыз сақтау, сату, тасымалдау да заңмен қудаланады. Жазасы ауыр, киіктің әрбір басына 200 айлық көрсеткішке тең айыппұл салынады, әрі мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ендеше дала кезген киікті оңай олжа деп опық жеп қалмаңыз, табиғи байлығымызды әркез аялайық.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521