Музейді майшаммен аралады

Аудандық тарихи өлкетану музейі және жастар орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық музей күніне байланысты «Музей түні» іс-шарасы өтті.

Жиналғандар қасиетті өлкеміздің ұлттық құндылығын құнттаған әдемі кештің куәсі болды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған музей ардагері Ғалым Самиғолла барша қонақтарды айтулы күнмен құттықтап, мекеменің тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктері жайлы айтты.

- «Музей түні» түрлі танымдық бағдарламаларды тамашалауға және қызықты сайыстарға толы болды. Мерекелік бағдарламаның бәрі рухани, танымдық шараларға негізделген. Музейдің қақпасынан бастау алған шара тарихи маңызына сай безендіріліп, бағдарламалары да өз ерекшелігіне сай жасалған. Мұндай шараларды өткізу арқылы халықтың төл мәдение¬тімізге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметін молайта аламыз»,- деді музей ардагері.

- Сағат 20.00-ден 01.00-ге дейін өткен ізгі шараның мақсаты – құнды жәдігерлер мен тарихи құндылықтарды кейінгі жастарға насихаттап, көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрінен сусындап, уақыттарын қызықты өткізу болып табылды,-дейді музей басшысы М.Жалғасбаева.

Безендірілген шағын алаңда жиналғандар қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін үлкен қызығушылықпен тамашалап, балалар спорттық ойындарға қатысты. Ал, викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы музей танымдық орын ғана емес, жадыны дамытып, шығармашылық алаңына айналды. Ашық аспан астында ораза тұтушылар үшін ауыз ашар дастарханы да жайылды. Түнгі музейді көрермендер майшаммен аралап, танымдық бағыттағы түрлі тақырыптық экскурсияларды көріп, сананы жаңғыртты. Музейдің әр қабырғасы - тұнған тарих, алтын қазына екеніне тағы бір көз жетті.

Г.ИГІЛІКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521