Менің полициям маған қорған болса екен...

Индербордағы жаңа мәдениет үйінде учаскелік инспекторлар өткен жыл бойғы қызметтерінен тұрғындарға есеп берді.

Екі күнге созылған кездесуге Индербор кентінің әкімі Асхат Аймұратов және аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет істері жөніндегі орынбасары Ерғанат Темірханов пен учаскелік инспекторлар қатысты.

Жалпы Индербор кенті аймағы учаскелік полицейлердің 7 аймағына бөлініпті.

Полицияның аға лейтенанты, учаскелік инспектор Мейрамбек Нығметов өзіне бекітілген №2 әкімшілік аймағы, яғни кенттің подстанса жағынан бастап көп қатарлы үйлер орналасқан Б.Майдыров, Д.Қонаев көшелерінен орталықтағы Бейбарыс көшесіне дейінгі аймаққа жауапты екен. Инспектордың хабарламасы бойынша, аталған аумақта 1960 тұрғын бар. Қылмыстық оқиға аталған мерзімде тіркелмеген. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 1 тұлға есепте тұрса, отбасы тұрмыстық қатынастары бойынша 6 адамға қорғау нұсқамасы берілген. Аңшылық қару ұстайтын 36 адамның ішінен 2-еуі құқық бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен қатар №3 әкімшілік аймағы бойынша Асланбек Хасанов және келесі жиында басқа да әкімшілік аймақтар бойынша учаскелік полиция инспекторлар Серік Құлшарипов, Тұрлан Ильяшов, Дулат Сейфуллин, Ерлан Мырзагереев, Асылхан Нысанов есеп берді. Аталған аймақтарда кездескен қылмыстық оқиғалардың көпшілігі ұрлықты құрайды екен. Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкоголь ішіп жүргені, темекі тартқаны, ұсақ бұзақылық, төлқұжат режимі мен көгалдандыру қағидасын бұзғаны сынды құқық бұзушылықтар кездеседі.

Алғашқы жиында тұрғындар арасынан ішкі істер саласының Құрметті ардагері, ауданның Құрметті азаматы Сағындық Құрманқұлов:

- Мыңдаған адамды қамтитын учаскелерде түрлі қылмыстық оқиғалар, құқық бұзушылықтар кездесіп тұрады. Сондықтан да полицейлер әркезде де қырағы болу қажет. Учаскелік инспекторлардың есеп бергенінде құқық бұзушыға қолданған шараларды тек өздеріне белгілі бұйрықтың нөмерін айтып қана шектелмей, тұрғындарға түсінікті етіп жеткізілсе, - деді полиция ардагері.

Тұрғын Тілекқабыл Есқалиев соңғы кезде кенттегі бұрынғы саябақтар қараусыз қалғанын, ішінде ішімдік ішіп жүргендер жиі кездесетіндігін көтерсе, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Айман Меңдігерееваның айтуынша, мектепке бөлінген инспекторлармен бірлесіп жұмыс атқаруға тырысатындығын, алайда олардың жиі ауыса беретіндігі түсініксіз екендігін алға тартты.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521