Мал ұрлығына қатысты топ ұсталды

Уақтылы басталуымен тұрғындар ризашылығына ие болған Көктоғайдағы жиында округ әкімі М.Құсйыновтың баяндамасында көптеген жайлар қамтылып, жетістіктер мен міндеттер кеңінен сөз болды.

Тағы бір қуантарлығы, ауылдағы орын алған төтенше жай 7 өрттің зардабын бүкілхалық болып көтеріп алып, көмек қолдарын созған бірліктері үшін жиынға қатысқан аудан әкімі Мейірім Қалауи арнайы ризашылығын жеткізуі болды. Оған жағымды мысалды округ пен аудан әкімі көптеп келтірді. Сондай - ақ округтегі кәсіпкерлердің ізденісі мен жаңашылдыққа ұмтылыстары да ерекше атап өтілді. Ал ауылда салынбақшы болып отырған спорт кешені жобасының тым қымбаттығы, Б.Нысанбаев атындағы орта мектепке жапсаржай бойынша тиісті шаралар алынып жатыр екен. Әдетте қызу пікірталас, рет-ретсіз сұрақ-жауаптар да аз болмады.

Бастысы бұл ауылдағы тұрғындар жиыны осы жолы да ашықтығымен есте қалатыны анық. Тұрғындар Т.Тілепова, М.Мұқанов, М.Егінбаев, Қ.Шапихов, Ж.Қағазғалиев, Ү.Ибатов, тағы басқалар ы сұрақтарын қойып, сөйлеушілердің тақырыптары да сан қилы болды. Бастысы өмір туындатқан мәселенің барлығы да маңызды делініп, тиісінше жауаптары қайтарылды. Солардың арасынан Индербордағы карьерлерді пайдалану, олардан түсетін салықтың жайы, үлкендерге құрмет, қамқорлық, Ұлы Жеңіске дайындықтың, тәртіп, жолаушылар тасымалдау, депутаттардың келмеуі, каналдардағы судың аздығы, жетпеуі, мал ұрлығы, банкоматтың ескілігі, қызмет көрсету, тойлардағы кешігу мен айқау-шу, даңғазалық, тағы басқасы көпке ортақ екені сөзсіз.

Бұл сұрақтардың бірқатарына аудан әкімі мен бөлім, мекемелер басшылары жауап қайтарды, жазып алды.

-Индерборда көп балалы аналарға арнап үй салынған екен, бұл жақсы болды. Енді осындай үйлер округтерде де салынса деген тілегім бар. Сондай-ақ ауылда да ипотекаға үй салуға болмас па?-деген Қанат Шапиховтың тілегін аудан әкімі де қолдап, орталықта салынып жатқан көп қатарлы үйлерден ауылдықтарға да кезекке қарай пәтер берілетінін қаперледі. Сонымен бірге тиісті орындармен сөйлесе отырып, көп балалы аналар үшін де округтерде үй салудың жағдайын қарастырмақшы болды.

Ал осы жиында шаруа қожалығының төрағасы Тілекқабыл Сұлтанғалиевтың мал ұрлығының өршіп тұрғандығын сөз етуі ерекше алаңдаушылық туғызды.

-Ауыл шаруашылығын дамыту үлкен міндет екенін біз де қолдаймыз. Бірқатар әріптестерім осы бағытта ізденіп, жұмыстар да тындырып жатыр. Бірақ соңғы кезде малымыз жоқ болып кететін болып жүр. Бір-екі басты жаманауыз алған шығар деп көп алаңдамаушы едік. Бірақ бір үйірден 3-4 жылқым жоқ болып кеткен соң іздеп едім, зым-қайым таппадым. Мұндай жалғыз мен емес екенмін, Б.Еділбаевтан 4, тағы біреуден 5 бас, ал Қ.Байнешов жыл сайын бір бастан малы жоғалып тұратынын айтады. Бұған тәртіп болмай ма?деген сауалына аудан әкімінің өзі жауап берді.

-Бүгінде аудандық ішкі істер бөлімімен мал ұрлығына байланысты нақты шаралар алынып, білуімше, 10 адамнан тұратын топ құрықталды. Олардың төртеуі жерлесіміз болса, құрамында Қызылқоға, Махамбет және Атыраудан бір әйел бар болып шықты. Тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан жоғалған мал туралы уақытты өткізбей аудандық ішкі істер бөліміне арыздану қажет. Дегенмен мал ұстаған жандар, оны бағулары да керек. Осы жағы жетіспейді. Сіздер осы бағыттағы жұмыстарға назар аудармасаңыздар болмайды, -деген Мейірім Жоламанұлы каналдарды жөндеуге, су айдауға қажетті қаржының уақытында аударылып тұрғанын да ашық айтты.

Көктоғай округі әкімінің есебін мақұлдаған қаулыдан соң «Ашық әкімдік» алаңы жұмыс жасады. Ал аудан әкімі М.Қалауи бірнеше адамды қабылдап, олардың сұрақтары бойынша нақты шаралар белгіледі.

С.ХАЛЫҚОВ

Көктоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521