Даласы дархан Дендер

«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші өткен ғасырдың 1928 жылы құрылған ауданның торқалы тоқсан жылдық мерейтойы бүгін аудан жерінде сән-салтанатымен өтті. 

Алдымен ауданымыздың қуанышты тойына келген құрметті қонақтарды аудан әкімі Серік Арыстан мен орынбасарлары, аудандық мәслиxат xатшысы Бағдат Сапаров және аудан азаматтары күтіп алып, қонақжайлық көрсетті.

Орталық алаңда театрландырылған қойылыммен бастау алған ауданымыздың мерейтойына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен облыстық мәслиxат xатшысы Өмірзақ Зинуллин қатысып, индерліктерді торқалы тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ келбеті келіскен, дидарлы нұрлы Дендердің абырой беделі үшін еңбек сіңірген мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ақкенже Ерекешова, өндіріс саласының ардагерлері Қуан Иғалиев пен Амангелді Төреғалиев облыс әкімінің, ал Меңдеш Дүйсекенов пен аудандық статистика басқармасының басшысы Әділгерей Сәкенов облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Серік Бисешұлы өңірдің тарихынан бастап, бүгінгі дейінгі бел-белестеріне тоқталып баяндама жасады.

– Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары, ардақты ардагерлер мен зейнеткерлер! Сіздерді даласы дархан, қойнауы құтқа, төскейі малға толы Индер ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесімен құттықтаймын. Сонау ықылым заманда Қазтуған, Мамай, Асан би, Малайсары, Жиембет жыраулар жортқан бұл өңірде Исатай мен Махамбеттің өрлігі мен ерлігі, Баламайсаңның күй күмбірі, зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының азулы жырлары әлі күнге елге мәңгі рух беріп келеді. Алмағайып заманды бастан кешкен халқымыз Кеңес өкіметі кезінде де орасан зор табандылықтың, қайсарлықтың үлгісін көрсетті.

1928 жылы болыстық ыдырап, аудандық әкімшілік жүйесі енген кезде Гурьев округінде құрылған жеті ауданның бірі – Есбол ауданы, кейін орталығы Кулагин селосы болып орнықты. Аудан құрылғаннан оның бастауында болған Көшбай Аманиязов, Арал Қазиев, Сәлімгерей Тайшиев, Қамаш Тәжібаев, Жаппасқали Төлепбергенов, Есқали Есенғалиев, Қапизолла Қуанышбаев, Жұмаш Өтеғалиев, Жәрдем Кенжетаев, Болат Майдыров, Шайдолла Кәрімов, Бақтыбек Таубаев, Дүйсенғали Төленовтердің қиын-қыстау кезеңдегі еңбектері ел жадында жаңғырып тұрары сөзсіз.

Қазіргі жотасы биік Дендердің қарқыны да айтулы жетістіктерге толы. Өңірдің торқалы тоқсан жылдығы құтты болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбекте табыс тілеймін,-деді өз құттықтауында. Сондан кейін «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы «Еңбек Қызыл ту» және «Ленин» орденінің иегері Кенжебай Есқайыров пен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Тілекқали Шмановқа табысталды. 

Материалдың толық нұсқасын "Дендер" газетінің 11.10.18 ж. №41 (8192) санынан оқи аласыздар.

    

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521