ҚАЗІРГІНІҢ ҚАҺАРМАНЫ

Біздің күнделікті күйбең тірліктің таразысын туралап отыратын жүрегі жылуға толы адамдар саны аз емес. Сондай жандарды көпшілікке паш ету мақсатында «Бұл заманның шынайы қаһармандары кім?» деген сауалға жауап табуды жөн санадық.

Басым көпшілігінде ол адамдардың еңбегі мен елге тигізген үлесі дүйім жұрт назарынан тысқары қалып отырады. Олардың керемет жағдайлары не қуатқа толы киімдері болмайды. Олар біз секілді қарапайым жандар. Тек сондай қарапайым адамдарды қаһарман ететін өжетке толы өзегі мен қайратқа толы қызметі. Сол үйреншікті болып қалған тірлігі үшін қоғам көп майталмандар еңбегін қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ендеше тыныш тірліктің тынысын қамтамасыз ететін бүгінгінің қаһарманы кім? Біз бүгін тілге тиек ететін азамат- аудандық №5 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы Айкенже Кабиева. Оның ерлікке толы еңбегі де әркімнің қолынан келе бермейді. Ол 2007 жылдың 16 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкері. Қызметіндегі басты міндеті – бөлімдегі барлық техникалық байланыс құралдарына келіп түскен өрт, басқа ТЖ туралы хабардың анық қабылдануы, берілуі, тіркелуі және оған жіберілетін көмекті қамтамасыз ету. Кез келген орын алған жайсыз жайт жайлы алғашқы мәліметті алып, оны дұрыс жеткізу мен жұмыс жылдамдығы орын алған жағдайды түзеудің басты кепілі. Күнделікті түсіп жеткен әр қоңырауды қабылдап ол талай жанды құтқаруға септігін тигізеді. Барлық дерлік төтенше жағдайдың оңтайлы нәтижесі Айкенже Кабиева секілді жандардың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асады. Бүгінде кіші сержант атанып жүрген кейіпкеріміздің күнделікті жұмыс міндеттері: жауынгерлік кезекшілік кезінде, кезекші қарауыл бастығынан жауынгерлік есептегі жеке құрам, өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру заттары және ЖЖМ жөніндегі және ТҚК өрт сөндіру техникасы туралы мәліметтер алу. Төтенше жағдай орнаған ошақтарына көмек қолын бағыттау да.

Күнделікті тұрмысы қарапайым болса да, жұмыс табалдырығын аттағаннан мақсаты – адамдардың өмірін құтқару. Бөлімшеге қоңырау түскен кезде, 1 минут ішінде өрт сөндіру машинасы іштен шығып кету керек. Сондай ауыр сәтте әрбір секунд маңызға ие. Адамдардың қорқынышқа толы әр қоңырауын саралап, сол адамдарға құтқарушыларды жіберу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, сол жандардың өмірі мен амандығын қамтамасыз етуде алғашқы болып кезігетін осы Айкенже. Кейіпкеріміздің қаһармандық қасиеті отбасыдан дарыған екен. Себебі, оның отбасы толығымен дерлік төтенше жағдай қызметкерлері. Сол форманы көріп, оны киюге ынтық болған азаматша бүгінде мақсатына жетіп отыр. Өзінің жұмысы жайлы Айкенже былай дейді: «Жалпы, бұл мамандыққа бала кезден қызығушылық білдірдім. Ертерек неге кірмедім деген өкініш болды, аалйда түрлі жағдаяттар туындап, жеткізбеді. Қазір қызмет атқарып жүргеніме қуаныштымын». Кез келген салада жүрсе де адам баласына отбасының қолдауы өте маңызды. Ал егер ел алдында жауапкершігің зілдей болса, онда жақындар қолдауы тіпті қажет. Сол секілді кейіпкеріміздің де осы қызметіне көмегі мен қолдауын көрсететін өмірлік жары бар екен. «Жолдасым жұмысыма түсіністік танытып отырады. Кей кездері түнде жұмысқа шығатын уақыттар болады. Сондай кездері балаларымызды қарап, маған көмектесіп, қолдау білдіреді» - дейді Айкенже. 12 жылдан бері осы салада жүрген жанға жұбайы әрдайым жақсы көзқараспен қарайды екен.

Азаматтық қорғау кіші сержанты қызмет барысында біршама жетістіктерге жеткен. Олардың қатарына келесідей марапаттарды қосуға болады: 2007 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде өрт сөндіру бөлімдері қызметкерлерінің арасында өткен волейбол жарысынан І орынға ие болса, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімінің қабылдауында болып, ескерткіш сыйлық табыс етілген. 2015 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі» ММ өрт сөндіру құтқару спорты бойынша оқу мұнарасының ІІ қабатына шабуыл сатысымен көтерілуден жеке есебінде жүлделі ІІ орынды және 100 м қашықтыққа жүгіру бойынша жүлделі ІІ орынды иеленген. 2016жылы «19 қазан – Құтқарушы күні» кәсіби мерекесінің 21 жылдығына орай, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметі (Атырау қаласы)» мемлекеттік мекемесінің алғыс хатымен марапатталған. Оның жұмыс сапасына байланысты басшылық тарапынан еш мін жоқ. Қызметтік тәжірибесінен ешқашан тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған. Айкенже Кабиева секілді жандар арқасында талай жандар амандығы қамтамасыз етіліп отыр. Оның еңбегі ауыр, асқан жауапкершілікке ие және үлкен жүректі қажет етеді. Тығырыққа тығылған жандардың жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп жүрген аруымыздың бойы өжеттілікке толы. Себебі, қауіпке толы жұмыста жігері желінбей еңбек ету оңай емес. Ал бұл қаһарманға сай ерлік. Әрбір адам өз өмірін өзгеге көмек көрсету жолына арнай алмайды. Сол саусақпен санарлық жандар қатарына іліккен әркім болсын қаһарман атына лайық. Олар жайлы киноларды экраннан көре алмаймыз, олар ел елеуіне күнде іліне бермейді. Шынайы қаһарман бейнесі осы.

Г.ИГІІЛКОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521