Алматыдан арнайы келіпті...

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына сәйкес Алматы облысының  БАҚ өкілдері  мен блогерлерінен құрылған топ ауданымызда болып, ақиық ақын Махамбет Өтемісұлының басына тағзым етті.

Алыстан ат арытып келген қонақтарға қилы кезеңдегі Махамбет бабаның ерлікке толы өмірі мен Индер өңірі  тарихынан  аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Өтеп Нұриев толымды әңгімелеп берсе,  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин жол бастап жүрді.

Алматылық қонақтардың қатарында «Жетісу», «Огни Алатау», «Талдықорған» газеттері, «Жетісу» телеарнасының тілшілері болды. Қонақтардың жолай Индер тауы  мен Тұзбұлақ, борат кеніші мен  карьерлер туралы қызықтырған сауалдары  көп болды, естелік суреттерге де жиі түсті. Өкінішке орай тау маңында қоқыс-қалдықтардың да жайылып жатуы жергілікті тұрғындар бізге де сын болғаны сөзсіз...

Сапар барысында топ жетекшісі, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінің  бас маманы Балжан Жұманбекованы сөзге тартқанымызда:

-Біз аталған жобаға сәйкес Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен батырлар мен әулиелдер мекені Батыс Қазақстан өлкесін сапарлап жүрміз. Мақсатымыз - өңірдің сакралды аймақтарымен  танысып, елге кеңінен насихаттау. Соның ішінде Атырау өлкесінде Қазақстанның киелі орындар қатарына енетін Махамбет Өтемісұлы кесенесінің басына тағзым етуді парыз санадық.  Біз үшін бұл өңір  алыс аймақ болғанымен ұлт азаттығы үшін күрескен Махамбет Өтемісұлындай  белгілі тұлғалардың мәңгілік мекен еткен жерін, кесенесін көзбен көру үлкен мәртебе. Үлкен әсер алдық,-деді.

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербай: «Маңғыстауда жер асты мешіті, Қазақ хандығының алғашқы астанасы - Сарайшық қаласы мен азаттық жолында шейіт болған батыр-ақын Махамбет Өтемісұлының басына барған блог-турымызда бізге беймәлім көптеген мәліметті көкейімізге қондырдық. Мұндай тарихи орындарды тек біздер ғана емес, барша қазақстандықтар көруі міндет деп санаймын»-дейді.

Махамбет бабаның басына Құран бағыштап, кесенеге қадам басқан қонақтар семсертілді ақынның өлеңдерін оқи отыра, кесене ішіндегі кітапқа қолтаңбаларын да қалдырып жатты.

Бұл топ бізге дейін Маңғыстау облысы мен Атырауда болып, Орал өңіріне сапарын жалғастыруға аттанып кетті.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521