"Ақжелкен" айдынға бет алды...

Өткен аптада жаңа мәдениет үйінің алдында мектеп бітіруші түлектердің «Ақ желкен – 2018» атты салтанатты шарасы өтті.

Көңілде алтын ұя мектебіне деген қимастық сезім, алда аңсаған арманға жетелер тарау-тарау жолдар күтіп тұрған түлектер, ұстаздар мен ата-аналар алдында аудан әкімі Серік Арыстан лебізін білдірді. 

–Бүгін Сіздер үшін және сіздердің ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыз үшін тарихи күн. Өйткені бүгін сіздер өздеріңізге он бір жыл бойы білім берген алтын ұя мектептеріңізбен қоштасып, қолдарыңызға болашаққа қадам бастайтын жолдама беретін мемлекеттік құжатты алғалы тұрсыздар. Қай қоғамда болмасын, қай дәуірде болмасын, сол дәуірдегі елдің өркендеуі, табысқа кенелуі үшін білім мен ғылымның қажет екендігі ақиқат. Елімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бері уақытта білім саласына көптеген қолдаулар жасалып келеді. Қымбатты мектеп бітіруші түлектер алдағы уақытта жоғарғы оқу орнына немесе кәсіби білім алуда болсын сіздерге сәттілік серік болсын,-дей келе, Мәңгілік Елдің азаматтары ретінде алдағы уақытта Отанымыз үшін адал қызмет ететіндіктеріне сенім білдіретіндігін жеткізді. Одан әрі білім аламанында өз қатарластарынан оза шауып, ауданымыздың абыройын асырған «Алтын белгі» иелері Айымгүл Сайлауова («Көктем» қазақ о/м), Аружан Сайфолла, Сағида Саинова, Дана Болатова, Айзере Кенжеғалиева (М.Әуезов атындағы о/м), Айнұр Нұржанова, Аружан Бекболат, Гүлбаршын Өтеген (М.Сиранова атындағы о/м), Айкенай Әліпова (Махамбет атындағы о/м), Ботагөз Сүйінова (Ш.Уәлиханов атындағы о/м), Алтынай Төлеш, Бектас Төлеуғалиевқа (Есбол о/м) аттестаттары мен аудан әкімінің Алғыс хатын және естелік сыйлықтарын табыс етті. Кейін «Көктем» қазақ орта мектебінің түлегі А.Сайлауова білім мен ғылымды игеріп, мәдениет пен өнерді қастерлеп, аудандағы білім беру саласының биік межеден көрінуіне шәкірттік үлесін қосып жүрген М.Сиранов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Нұрсәт Закимовқа Аманат хат тапсырды.

 Жалпы, биыл ауданымызда 290 оқушы үлкен өмірге қанат қақса, оның 190-ы ҰБТ-ге қатысуға ниет білдірген, ал олардың 12-сі «Алтын белгі» иегері. Айтулы кеште түлектердің ата-аналары атынан Сайын Дүйсенбаев сөз алып, жүрек-жарды тілегін білдірді. Ал осы, ақжарма тілектер төгілген сәттен кейін мектеп түлектері Хадиша Абуова «Туған жер», Бекзат Қайреденов «Ән жүрегім – Астана», Аяжан Қайыпова мен Аманбек Жолдасов «Ұстазым» әнін әуелетсе, шәкірттер мектеп вальсін биледі. Аспанға отшашулар атылып, шарлармен безендірілген қоңырау кеңестікке қалықтап бара жатты.

Мектеп бітірушілер қуаныш пен шаттық тойын алтын ұя мектебінде жалғастырды.

Гүлбаршын ӨТЕГЕН (М.Сиранов атындағы орта мектептің «Алтын белгі» иегері):

"Бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға мың алғыс. Себебі осындай жетістіктерге жеткеніміз сол кісілердің арқасы. Мен секілді барлық түлектерді алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, армандаған жоғары оқу орнына түсіп кетсек деген тілегім бар."

Диас АЙБАРОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521