Бір ауладан басталған үлкен іс

Тал егу мен бау-бақша өсіруге деген қызығушылығым 2017 жылдан басталды. Ал 2019 жылы оңтүстік өңірден калифорниялық қызыл шылаушындар алдырып, мал көңінен биогумус өндіру ісін қолға алдым. Дәл осы жұмыс менің егіншілікке, жеміс ағаштарын өсіруге деген ынтамды одан әрі арттырды. Бұл саланы тереңірек меңгеру мақсатында агроном мамандардан тәлім алып, тәжірибе жинақтай бастадым.

2022 жылы үш сотық жерге жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналыстым. Жылыжай ашудағы басты мақсатым – халыққа табиғи әрі сапалы өнім ұсыну болды. Қазіргі таңда ауламда жеміс ағаштарының көптеген түрі өседі. Атап айтқанда, алманың бірнеше сұрыбы, алмұрт, шабдалы, өрік, жүзімнің әртүрлі түрлері бар. Сонымен қатар құлпынайдың да бірнеше сұрыбын өсіріп келемін. Жеміс ағаштарымен қатар цитрустық және экзотикалық өсімдіктерді де баптаймын. Олардың қатарында інжір, маракуйя және лимон секілді ерекше дақылдар бар.

Ауламыздың ажарын арттыру үшін түрлі гүлдерді өсіруге көңіл бөлемін. Раушан гүлдері, гибискус, хризантема, петуния, циния және барқытгүлдер ауламызға ерекше сән беріп тұр. Әрине, жеміс ағаштары тұрақты күтімді қажет етеді. Оларды түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғау үшін заманауи агротехникалық әдістерді қолданып келемін. Тек өз ауламды көгалдандырып қана қоймай, ауылымыздың көркеюіне де үлес қосуға тырысамын.

Қолымнан келгенше ауыл тұрғындарына білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісіп отырамын. Жалпы тазалық пен көгалдандыру – менің өмірімдегі басты құндылықтардың бірі. Айналаны жасыл желекке бөлеп, табиғатты аялау – әрбір азаматтың ортақ міндеті деп есептеймін. Ауданымызда бұл саланың білікті мамандары аз болғандықтан, болашақта балаларымның бірін агроном мамандығы бойынша оқытып, осы бағыттағы істі жалғастыруды жоспарлап отырмын.

Туған жердің табиғатын көркейту – бір күндік жұмыс емес. Ол табандылықты, еңбекқорлықты және табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Сондықтан мен үшін әрбір егілген тал мен күтіп-бапталған өсімдік – келешек ұрпаққа қалдырар игі мұра.

Жәнібек АСЫЛБАЕВ, 
Жанбай ауылының тұрғыны, «Таза аула – 2025» номинациясының жеңімпазы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT