«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Атырауда «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды. Игі бастаманы «Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалы ұйымдастырып, оған О. Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінің студенттері мен оқытушылары, жергілікті тұрғындар, партия мүшелері және мәслихат депутаттары қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – Жайық өзенінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын насихаттау. Шара барысында қатысушылар өзен жағалауындағы қоқыстарды жинап, аумақты ретке келтірді.

«Таза бейсенбі» акциясына ауыл және саяжай тұрғындарының да белсенді қатысуы қоршаған ортаны қорғау мәселесінің ортақ жауапкершілік екенін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өзен жағалауының тазалығын сақтау үшін мұндай жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет.
– Жайықтың тазалығы – баршамызға ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастауы өзен жағалауының тазалығына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан осындай акциялар арқылы тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деді «Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы Қуандық Жақиялиев.

Экологиялық акцияға колледж студенттерінің қатысуы да жастар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. О. Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінің директоры Маржан Лапиденованың айтуынша, мұндай шаралар студенттердің тек қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
– “Таза Қазақстан” жобасы – қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, жастардың бойында еңбекке, жауапкершілікке деген құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. “Әділет” партиясы тарапынан осындай акцияны студенттер арасында ұйымдастыру туралы ұсыныс түскенде, біз бұл бастаманы қуана қолдадық. Бүгінгі шараға 170 — ке жуық студент қатысып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Мұндай шаралар жастардың тәжірибелік дағдыларын шыңдап қана қоймай, туған жерге деген жанашырлығын арттырады, – деді колледж директоры Маржан Лапиденова.

Тазалық шарасына қатысушылар Жайық жағалауын таза ұстау тек арнайы акциялар кезінде емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс екенін атап өтті. Өйткені өзеннің экологиялық жағдайы мен жағалаудың тазалығы – тұрғындардың ортақ жауапкершілігі.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



