«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Атырау облысында санитарлық тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жантас Оспанның мәліметінше, биыл акция аясында 210 сенбілік ұйымдастырылып, оған 75,5 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 6 542 тонна қоқыс шығарылып, 17 729 түп көшет отырғызылған.
Акцияның маңызды бағытының бірі – саябақтар салу және көгалдандыру. Осы мақсатта Құлсары қаласында аумағы 0,5 гектар болатын «Барлаушы» саябағы пайдалануға берілді. Ал тамыз айында аумағы 4,4 гектарлық «Атырау» экосаябағын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Нұрсая» шағынауданында 4,6 гектар аумақты қамтитын экосаябақтың жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Жиында өңірдегі экологиялық бақылау нәтижелері де жарияланды. Облыстық Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, рейдтер барысында 42 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 30-дан астамы жойылған. Ғарыштық мониторинг арқылы қалдықтар төгілген тағы 15 заңсыз орын тіркеліп, оның сегізі толық тазартылған.
Майра ЕРҒАЛИ


