Су жолдарының жай-күйі жағалаудағы елді мекендердің ғана емес, тұтас өңір экономикасының дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Әсіресе балық шаруашылығы, кеме қатынасы мен жүк тасымалына тәуелді Құрманғазы ауданында су арналарының қалыпты жүруі экономикалық белсенділіктің негізгі алғышарттарының бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда Қиғаш өзенінен Каспий теңізіне шығатын бағыттағы түп тереңдету жұмыстарының маңызы зор.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов ауданға жұмыс сапарымен келген Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі инспекцияның басшысы Ғалидулла Азидуллин және «ПавлодарӨзенПорты» АҚ учаске басшысы Бауыржан Нұрғалиевпен бірге аталған нысандағы жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс тобы арнайы қайықпен Панкрашино-2 каналынан бастап су жолымен жүріп өтіп, Панкрашино-1 каналымен түйісетін учаскелерді зерделеді. Өлшеу нәтижесінде жобаға сәйкес қазылған аумақтардағы тереңдік 2,7–2,8 метрге жеткені анықталды. Ал тереңдетілмеген бөліктерде су тереңдігі небәрі 1–1,2 метрді құрайды.
Сапар барысында «Watermaster 4053» және «Watermaster 4125» арнайы техникаларының жұмысы қаралды. Сондай-ақ Сафон ауылдық округі тұрғындарының қайықтары мен шағын кемелеріне арналған жасанды айлақтың жағдайы бағаланды. Ұзындығы 90 метр, ені 23 метр, тереңдігі 2 метр болатын айлақ «ЗСС-1600Э» жерснаряды арқылы тереңдетілген.
Одан кейін Панкрашино-1 және Линёвый-2 каналдарының түйісетін тұстары, Панкрашино-1 каналының бастапқы бөліктері тексеріліп, жұмыстардың жоба талаптарына сай жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар Утеринский-1 және Утеринский-2 каналдарындағы жұмыстар аяқталу кезеңіне жақындаған. Мұнда «ЗРС-2», «ЗСС-1600Э» және «ЗРС-3» жерснарядтары жұмыс атқаруда.
Сапар соңында Щучий-1 каналының басталар және аяқталар бөліктері қаралып, «Watermaster 4029» техникасының жұмысы мен экскаватормен тереңдетілген учаскелерді өңдеу барысы таныстырылды.
Қазіргі уақытта нысанда 6 жерснаряд, 4 қайық және 2 сүйреткіш кеме жұмыс істеуде. Жобаға 35 экипаж мүшесі жұмылдырылған.
Мамандардың айтуынша, түп тереңдету жұмыстары аяқталғаннан кейін Қиғаш арқылы өтетін су жолдарының өткізу қабілеті артып, кеме қозғалысының қауіпсіздігі жақсарады. Бұл өз кезегінде балық шаруашылығының, өзен көлігі қызметінің және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасап, Құрманғазы ауданының экономикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Құрманғазы ауданы әкімдігінің мәліметінше, жоба аясындағы барлық жұмыстарды биыл толық аяқтау жоспарланып отыр. Мұндай инфрақұрылымдық бастамалар өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндігін кеңейтіп, Каспий маңындағы экономикалық белсенділікті арттыруға негіз қалайды.


