Жас сайлаушылардың белсенділігі неге маңызды?

Құрылтай депутаттарын сайлау елдің саяси өміріндегі жаңа кезең. Бұл науқанда жастардың белсенділігі ерекше мәнге ие. Себебі жас буынның таңдауы қоғамның болашақ даму бағытына ықпал етеді. Сондықтан олардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, жастардың саяси белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

«Жыл басынан бері облыс аумағында өткен ауыл әкімдерінің сайлауларында жастардың белсенділігінің орташа көрсеткіші 49,7 пайызды құраған болатын. Жалпы жас сайлаушылардың белсенділігін арттыру мәселесінің өзектілігі бар. Осы ретте Орталық сайлау комиссиясы тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр барлық аумақтық сайлау комиссиялары жанынан Жас сайлаушылар клубтары құрылды. Облыста қазіргі таңда құрамдарында 83 жас сайлаушы бар 9 клуб жұмыс жасауда. Жас сайлаушылар клубтарының жұмыстары жоспарлы жүргізілуде», – дейді Әсия Қыстаубаева.

Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде түрлі форматтағы кездесулер, семинарлар, қонақ дәрістер мен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылған. Сонымен қатар жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындарының студенттерімен түсіндіру кездесулері өткізілді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жас сайлаушылар аудиториясы ашылып, онда сайлау заңнамасы бойынша тұрақты ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.

Маусым айында облыстың барлық аудан орталықтары мен Атырау қаласында өткен кездесулерге 300-ден астам жас сайлаушы қатысты. Бұл жұмыстар жастардың құқықтық сауатын арттырып, сайлаудың маңызын түсіндіруге бағытталған.

Әлеуметтік сауалнама нәтижелері де жастардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Мамыр айында жүргізілген зерттеу барысында респонденттердің 87 пайызы алдағы сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірген. Сонымен қатар жастар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлеуметтік желілерде күшейту қажет деген пікір айтқан.

Жастардың сайлауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Саналы таңдау жасаған жас буын ғана елдің ертеңіне ықпал ете алады. Сондықтан әрбір жас сайлаушы өз дауысын берудің маңызын түсініп, саяси үдеріске белсенді қатысқаны маңызды.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT