Сайлаудың сенімі - байқаушының жауапкершілігінен басталады

Сайлаудың сенімі - байқаушының жауапкершілігінен басталады Құрылтай депутаттарын сайлау - еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі.

Себебі Құрылтайдың құрамы елдің заң шығару және қоғамдық-саяси даму бағытына әсер ететін шешімдер қабылдауға қатысады. Сондықтан сайлаудың ашық, әділ және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес өтуі әр азамат үшін маңызды.

 Бұл ретте сайлаушының еркін таңдауымен қатар, сайлау процесіне қоғамдық бақылаудың болуы да үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыда байқаушылардың қызметіне ерекше мән беріледі.

Байқаушының негізгі міндеті - сайлау учаскесіндегі дауыс беру, бюллетеньдерді санау және басқа да рәсімдердің заңда белгіленген тәртіппен жүргізілуін бақылау. Бірақ байқаушы өз міндетін атқара отырып, сайлау комиссиясының жұмысына заңсыз араласпауы, дауыс беру құпиясын сақтауы және сайлаушылардың еркін таңдауына ықпал етпеуі тиіс. Яғни бақылау белсенді болғанымен, ол міндетті түрде заң шеңберінде жүзеге асуы қажет. Меніңше, жақсы байқаушы - тек заң бұзушылық іздейтін адам емес, сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуіне үлес қосатын жауапты азамат.

Егер қандай да бір күмәнді жағдай немесе заң бұзушылық байқалса, оны эмоцияға берілмей, нақты фактілерге сүйене отырып тіркеп, заңда көзделген тәртіппен тиісті органдарға жеткізуі керек. Ал заң бұзушылық анықталмаған жағдайда негізсіз дау туғызып, сайлау процесіне кедергі келтіру де дұрыс емес.

Сондықтан Құрылтай сайлауындағы байқаушының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол өз міндетін тиянақты орындаумен қатар, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінің шегін жақсы білуі қажет. Құқықтық сауатты, бейтарап және жауапты бақылау ғана сайлау процесіне деген қоғамдық сенімді арттыра алады.

Сайлаудың әділдігі тек дауыс беру нәтижесімен емес, сол нәтижеге жеткізген процестің қаншалықты ашық әрі заңды болғанымен де бағаланады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT