Жылыой ауданында өткен GREEN JYLYOI EXPO экологиялық акциясы GBR (Global Best of Records) әлемдік рекордтар кітабына енді.
«Таза Жылыой - жарқын болашақ!» ұранымен ұйымдастырылған ауқымды шараға 5 мыңнан астам адам қатысып, Құлсары–Доссор автомобиль жолының бойындағы аумақтарды қоқыстан тазартты.
Әлемдік рекордтың орнатылғанын Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас офицері, Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов жариялады.
Осылайша, Жылыой тұрғындары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды бастама арқылы әлемдік деңгейдегі тарихи жетістікке қол жеткізді.



