Жеңіс күніне орай Сарайшық коммуналдық базары алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде тұрғындарға азық-түлік өнімдері, көкөністер, ет және тауық еті базар бағасынан 15-20 пайызға арзан бағада ұсынылды.
Шараның мақсаты – мереке күндері халыққа қолжетімді бағада сапалы өнім ұсыну және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау.
Жәрмеңкеге «Асыл Агро», Жұмағалиев шаруа қожалығы, сондай-ақ Жылыой, Қызылқоға аудандарынан сүт және ет өнімдерін сататын жеке кәсіпкерлер қатысты. Кәсіпкерлер тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынып, сауда қызу жүрді.
Сарайшық коммуналдық базарының әкімшісі Клара Ермекованың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер әр сенбі сайын тұрақты түрде өткізіледі.
– Бұл жолы жәрмеңкені Жеңіс күніне орай ұйымдастырдық. Тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынуға тырыстық. Жәрмеңкеге жергілікті шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлер белсенді қатысты, – деді Клара Ермекова.
Нұргүл Насыр

