Өңірдегі қоршаған ортаны қорғау және экологияның өзекті мәселелері «Таза Қазақстан: экологиялық мәдениет және жастарды ағарту» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөз болды. Іс-шара жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қабырғасында өткен іс-шараның негізгі қатысушылары Жаратылыстану ғылымдары факультетінің бірінші курс студенттері болды. Олар университетке енді ғана түсіп, қазіргі таңда «Қолданбалы экология», «Экоаналитика» және «Қалдықтарды басқару» сынды білім беру бағыттары бойынша білім алуда. Бірінші курс студенттері оқу орнының оқытушылары мен шақырылған спикерлердің экологияның түрлі мәселелеріне арналған баяндамалары мен сөздерін қызығушылықпен тыңдады.
Магистр, «Экология» кафедрасының оқытушысы Жәнібек Тауановтың айтуынша, дөңгелек үстелдің басты мақсаты – студенттік өмірге енді қадам басқан жастарға оқу барысында кездесетін экологиялық тақырыптарды таныстыру және өңірдегі қоршаған ортаны қорғаудың ең өзекті мәселелерін көтеру.
«Бірінші кезекте – атыраулықтар тыныстайтын атмосфералық ауаның сапасы. Екінші мәселе – Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі және оның тайыздануы. Үшінші мәселе – топырақ сапасының нашарлауы, оның құнарсыздануы мен тұздануы. Төртіншісі – саны жылдан-жылға артып келе жатқан қалдықтарды басқару мәселесі», – деді Жәнібек Тауанов.
Өз сөзінде Жәнібек Тауанов өңірдің өнеркәсіптік тұрғыдан дамығанын және ел экономикасында жетекші орындардың бірін алатынын атап өтті. Алайда экономикалық дамудың екінші жағы – күрделі экологиялық жағдайларды тудыруда. Егер қажетті шаралар дер кезінде қабылданбаса, бұл жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін.
Өңір табиғатына антропогендік жүктеме түсіп отыр. Яғни адам қызметінің қоршаған ортаға тигізетін әсері күшейіп келеді. Атмосфералық ауаның сапасы нашарлауда, су және жер ресурстарының жағдайы алаңдаушылық туғызады, тұрмыстық қалдықтардың көлемі де айтарлықтай артқан.
Баяндамашы тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, экологиялық сананы қалыптастыру, әр адамның және әрбір тұрғынның табиғаттың жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыру мәселелеріне де тоқталды.
Мәселен, дөңгелек үстелге қатысқан Жаратылыстану ғылымдары факультетінің бірінші курс студенті Айбат Саматұлы көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді:
«Атырауда түрлі экологиялық проблемалар жеткілікті. Мысалы, қала ірі зауыттар мен кәсіпорындардың шығарындылары мен қышқыл газдарынан тұншығып отыр. Бұл жерде тұратын халықтың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Сонымен қатар қала ішінде де, оның айналасында да қоқыс көп. Бұл, сөзсіз, экологтар мен тұрғындарды алаңдатады. Мемлекет, экологтар және қоғам болып осы мәселелердің барлығын тезірек шешуіміз қажет. Әйтпесе, проблемалар одан әрі ушыға береді. Сондай-ақ қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін барлық жерде қалыптастыру қажет».
Өңірдегі қоршаған ортаны қорғау және экологияның өзекті мәселелері «Таза Қазақстан: экологиялық мәдениет және жастарды ағарту» тақырыбындағы өткен дөңгелек үстелде сөз болды. Іс-шара жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.



Тимур Қазиев



