Теміржолшылар ауылында «Келешек мектебі» ашылды

Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылдық округінде Қазақстанда заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға арналған «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.

 

 

 

Білім күні мерекесімен тұспа-тұс келген шараға аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, Атырау облыстық таланттарды қолдау орталығының басшысы Қайырғали Азилов, «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов, ардагерлер Өмірболат Есенғазиев, Ғизатолла Мүрсалиев қатысып, теміржолшылар ауылының көптен күткен қуанышына ортақтасты. 

 

 

 

Айта кетейік жаңа білім ұясы заманауи барлық талаптарға сай. STEM,IT, робототехника, зертхана, коворкинг, инклюзивті білім беру кабинеттерімен қамтылған және мұнда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті оқу барысында қолдануға үлкен мүмкіндік бар. Баланың ойлау қабілетін, шығармашылық, цифрлық сауаттылығын арттыруға және болашақ мамандағына қажетті білім алуына барлық жағдай жасалған.

 

 

 

«Келешек мектебінің» ашылуына арналған шарада аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы сөйлеп, ауыл тұрғындарын білім мерекесімен құттықтап, ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі рөлі зор екеніне тоқталып, жемісті еңбек, жақсы үлгерім мен сапалы білім тіледі. Атырау облыстық таланттарды қолдау орталығының басшысы Қайырғали Азилов өз құттықтауын жеткізіп, жаңа мектеп ел игілігіне қызмет ете берсін деген игі тілегін жолдады. Құрылысты жүргізген «Каспий Құрылыс LTD» мекемесі атынан өкілі Бауыржан Мырзағалиев сөйлеп, әріптесі Бақытжан Сариев символикалық кілтті мектеп директоры Арайлым Қаржауоваға табыстады. 

 

Мектеп алдына керілген лентаны аудан әкімі Абат Жанғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов қиды.

 

Ақ пен бауырсық ұсынылып, шашу шашылғаннан кейін қатысушылар жаңа мектептің табалдырығынан аттап, ғимаратты аралап көріп, сүйсініп жатты.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

 

       

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT