«Таза Қазақстанның» ерекшелігі – бәрімізді бір мақсатқа жұмылдыруында

«Таза Қазақстан» акциясы – елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Махамбет ауданында да осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, тұрғындардың игі іске белсенді араласуы көңіл қуантады.

Махамбет – тарихы терең, табиғаты ерекше, өзіндік болмысы қалыптасқан аудан. Сондықтан туған жердің тазалығы мен көркейіп, абаттануы – барша тұрғынға ортақ міндет. Көшелерді тазалау, аулаларды ретке келтіру, ағаш отырғызу, елді мекендердің көркін арттыру бағытындағы жұмыстардың барлығы ауданның әлеуметтік ортасына оң әсерін тигізеді.

Менің ойымша, «Таза Қазақстанның» басты құндылығы – адамдарды бір мақсатқа жұмылдыра білуінде. Сенбілікке шығып, өз ауласын немесе ауылын көркейтуге үлес қосқан әр азамат ортақ іске өзінің нақты қолтаңбасын қалдырады. Мұндай жұмыстар адамдар арасындағы ынтымақты да нығайта түседі.

Зейнеткер ретінде мен бұл бастаманың тәрбиелік маңызына да ерекше мән беремін. Жастардың тазалық жұмыстарына атсалысып, үлкендермен бірге еңбек етуі – жақсы өнеге. Тазалықты сақтау әдеті бала кезден қалыптасса, оның нәтижесі ұзақ жылдарға жалғасады. «Таза Қазақстан» осы тұрғыдан алғанда экологиялық мәдениетті қалыптастыратын үлкен қоғамдық бастама деп бағалаймын.

Ең бастысы, тазалықты тек акция кезінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыруымыз қажет. Әр тұрғын өз ауласына, көшесіне, табиғатқа жанашырлықпен қараса, ауданымыздың да ажары арта береді.

Махамбет ауданындағы осындай игі істер жалғасын тауып, туған жеріміз таза, көрікті әрі жайлы мекенге айнала берсін. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.

Талғат Жақсыбайұлы,
Махамбет ауданының тұрғыны

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT