Атырауда өңір спортының дамуына елеулі үлес қосып, республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты шарада спорт саласының бірқатар маманы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатына ие болып, жоғары нәтижелерімен танылған спортшыларға құрмет көрсетілді.
Салтанатты кештің шымылдығы танымал қазақстандық әнші, театр және кино актері Мақсат Рахметтің орындауындағы елдік рухты дәріптейтін «Мен қазақпын» әнімен түрілді.
Атырау облысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, бұқаралық спортты өрістетуге және спорттық резервті қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Өңір спортшылары ел чемпионаттарында ғана емес, Азия, әлем чемпионаттары мен халықаралық додаларда да жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп жүр.
Салтанатты шарада сөз алған Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов спортшылар мен жаттықтырушыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың ел спортының дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті. Ол салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда 700-ден астам медаль жеңіп алған. Бұл отандық спорттың халықаралық аренадағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге өңір басшысы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген атыраулық спортшыларға алғыс білдіріп, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Спортшыларымыз әлемдік аренада Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, ел абыройын асқақтата берсін. Сіздерге мықты денсаулық, жігер, табандылық және жеңіс тілеймін. Көк туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқала берсін, – деді Болат Оралұлы.
Шара барысында дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарға да құрмет көрсетілді. Спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен мамандары, федерация өкілдері, сондай-ақ футзал, футбол, волейбол, дзюдо, бокс, байдарка мен каноэде есу, киокушинкай-кан каратэ, джиу-джитсу және ұлттық спорт түрлерінен шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Одан бөлек, өңір намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап жүрген жиырмаға жуық спортшы жоғары жетістіктері үшін арнайы марапатқа ие болды. Олардың арасында пауэрлифтингтен Азия чемпиондары, дәстүрлі садақ атудан халықаралық және құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ еркін күрес, бокс, волейбол және су добынан жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар бар.
Параспорттағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. Паражүзу, параармрестлинг және сурдофутзалдан халықаралық әрі құрлықтық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар марапатталды. Сонымен қатар муайтай, самбо және киокушинкай-кан каратэ шеберлері әлемдік және Азия деңгейіндегі додаларда көрсеткен нәтижелері үшін құрметке ие болды.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш қонақтары Қазақстан эстрадасының белгілі әншісі, Сәкен Майғазиевтің әндерін тыңдап, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашылары ұсынған күй тартысты тамашалады.
Тоғжан ЕРМЕК


